×

Аймағамбетов мұғалімдерді Ұстаздар күнімен құттықтады

Білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог еңбек етеді

 Динара Амантай 02.10.2022 | 13:07
Асхат Аймағамбетов, фото: www.azattyq-ruhy.kz

Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өз әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы елде 500 мыңға жуық ұстаз еңбек ететінін айтып, педагогтерді қолдауға бағытталған шараларға тоқталды.

Қымбатты әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз - ол тек мамандық қана емес, сонымен бірге арнайы ағартушылық миссия. Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуға, дұрыс құндылықтарды бойларына сіңіруге көмектесесіздер. Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесі - 500 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін бірден мұғалімдер корпусын қолдау үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды. Осылайша 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Біліктілік санаты, магистратура, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені және т.б. үшін әр түрлі қосымша төлемдер енгізіліп, олардың көлемі ұлғайтылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының шешімдері арқасында мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. Биыл 25 жылдан астам еңбек еткен барлық ұстазға арнайы марапат тағайындадық. Өйткені өз ісіне осынша жыл адал қызмет еткен мамандар ерекше құрмет пен қолдауға лайық.

Сонымен қатар 30 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар мұғалімдерді санаттар мен ай сайынғы қосымша төлемдер алу үшін тапсыратын тесттен босату туралы шешім қабылдадық. Қыркүйек айынан бастап ел мектептерінің басым көпшілігі бес күндік оқу аптасына ауысты. Сондықтан осы мектептердің мұғалімдеріне сенбіні қосымша демалыс күні ретінде беруді жөн көрдік. Енді өздеріңізге және жақындарыңызға көбірек көңіл бөле аласыздар.

Келесі жылы қаңтар айынан бастап мектеп, колледж және қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сондай-ақ келесі жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша балабақшалардағы барлық тәрбиешінің жалақысы өседі. Біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, бұдан да қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз.

Қадірлі әріптестер! Пандемия кезінде де өздеріңізді лайықты көрсете білдіңіздер. Көптеген ата-ана сіздердің жұмыстарыңыздың қаншалықты жауапты және қиын екенін тағы бір мәрте түсінді. Ал балалар мұғалімнің мейірімді көзқарасы, жылы сөзі, оның көмегі қаншалықты маңызды екенін сезінді. Мен қала және ауыл мектептеріне барғанда әріптестеріммен әңгімелескенді ұнатамын. Сіздердің білім саласына сіңіріп жатқан қажырлы еңбектеріңізді көріп, істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз және адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, істеріңізге береке және шаңырақтарыңызға амандық тілеймін! Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер! Ұстаздар күні құтты болсын! – деп жазды министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Президент педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама

«Біртановқа жаныңыз ашымай ма?»: Ажар Ғиният сотталған экс-министрге қатысты сұраққа жауап берді

Сот шешімімен экс-министр Елжан Біртанов 5 жылға сотталған еді
02.12.2022 | 14:22

Министрлер бірқатар балалар басылымына жазылды

Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттегендер әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті
02.12.2022 | 14:13

Кәсіпкер проблемаға мүлдем мән бермеген – Екібастұздың экс-әкімі

Қаланың бұрынғы басшысы елді дүрліктірген жағдайға пікір білдірді
02.12.2022 | 14:02

Шымкент дәмханасында Нигерия азаматын ұрған қазақстандық ұсталды

Түлкібас тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
02.12.2022 | 13:46