Назарбаев бейнеленген 20 мыңдық банкнот айналымда жүре бере ме?

Еркеғали Болатұлы

Ұлттық банк оны айналымға былтыр 1 желтоқсанда енгізген болатын

фото: ашық дереккөз

Ұлттық банк өкілдері Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығарылған Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бар 20 мыңдық купюраға қатысты NUR.KZ тілшісінің сұрағына жауап берді.

Қаржы реттеушісінің мәліметінше, бұл банкноттар – заңды төлем құралы. Оларды барлық басқа ескерткіш банкноттар сияқты төлемдердің барлық түрлері, банктік операциялар мен аударымдар үшін қабылдауға міндетті.

Банкноттар ақша айналымынан табиғи тозуына қарай алынады. Мерейтойлық және естелік банкноттар бойынша айналыс мерзімі белгіленбейді, – деп хабарлады Ұлттық банк.

Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 20 мың теңгелік банкнотты Ұлттық банк айналымға былтыр 1 желтоқсанда енгізген болатын. Ал ертеңнен бастап басқа 20 мыңдық купюра айналымға шығарылғалы тұр. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және тәуелсіхздік мерекесіне орай «30» саны бейнеленген.