Санжар Боқаев құратын жаңа саяси партияның бағдарламасы жарияланды

Айнұр Шошаева

Цифрлық саяси партияның атауы да белгілі болды

Санжар Боқаев, қоғам белсендісі

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Namys деген атаумен жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Сондай-ақ партия құрудағы мақсатын түсіндірді.

«Партия құруыдағы негізгі себептің бірі - үкіметтің әлсіз жұмысы мен сыбайлас жемқорлық. Біз үміттеніп, күте-күте шаршадық. Мемлекет естіген болады. Мысалы, Өзбекстан үкіметіне президенттің тиісті тапсырмасынан кейін ауыл шаруашылығы техникасына баж салығын алып тастау үшін бар болғаны үш-ақ күн қажет болды. Біздің үкімет 1,5 айдан бері кәдеге жарату алымын шеше алмады, тек блог-турлармен айналысып жатыр. Лобби мемлекеттен мықты екенін тағы да көрсетті. Сондықтан қоғамға өз партиясы керек», - деді ол.

Белсендінің айтуынша, партияның мақсаты әділеттілік орнайтын, адал және парасатты адамдар билік ететін мүлдем жаңа Қазақстан құру. Сондай-ақ ол ұйымның неліктен «Намыс» деп аталатынын түсіндірді.

«Namys - қазіргі заманғы және алға ұмтылған қазақстандық жастардан құралатын цифрлық саяси партия. Партияның басты құндылығы - адам, ал миссиясы адамдар үшін қолайлы мемлекет құру», - деді Санжар Боқаев.

Партия бағдарламасы 7 бағыттан тұрады:

  • Әділ, тәуелсіз, адал сот жүйесін құру;
  • Жемқорлыққа ымырасыз күрес жариялау;
  • Мемлекетті, қоғамды, жастарды дамыту үшін мәдени революция жариялау;
  • Толық саяси трансформация жүргізу (әділ, тәуелсіз сайлау жүйесін құру, жаңа партияларды тіркеу, өзін өзі ұсыну құқығын қайтару, парламент сайлауын өткізу, қала әкімдерін сайлау);
  • Мемлекеттік аппарат санын қысқартып, тиімділігін арттыру;
  • Сапалы біліммен, медицинамен қамтамасыз ету;
  • Жастарға арналған зауыттар (жұмыс орындарын) ашу;

Қоғам белсендісі партия төрағасы сайлау арқылы таңдалатынын, тіркеліп, парламентке өтіп жатса, бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартатынын мәлім етті. Сондай-ақ кәсіпкерлерден де қаржы алу ойында жоқ екенін жеткізіп, партия оның мүшелерінің жарнасы негізінде өзін-өзі қаржыландыратынын айтты.