«Қазпоштадағы» наразылық: компания басшылығы мәселені тез арада шеше алмайды
Жыл басында қызметкерлер жалақысы орта есеппен 20%-ға артқан
«Қазпошта» қызметкерлердің жалақысына қатысты мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы «Қазпошта» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Серік Саудабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, 16 қыркүйекте Алматыда «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты. Олар жалақыны көтеріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етті.
«Қызметкерлер ең алдымен жалақы мөлшерінің аз екеніне шағымданды. «Қазпошта» қызметкерлерінің жалақысы жоғары емес екені белгілі. Айта кету керек, 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап біздің өндірістік қызметкерлердің жалақысы орташа есеппен 20%-ға көтерілді. Жалақыны көтеру кезінде ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы 25%-ға өсті», - деді Саудабаев.
Айтуынша, жақында келер жылдың бюджеті бекітіледі.
«Қазір 2023 жылға бюджетті жоспарлау жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде өндірістік персоналдың жалақысын өсіруге бағытталған қаржы ескерілген. Бюджет қазанның аяғында бекітіледі. Қарашаның басында ұжымды 2023 жылға бекітілген еңбекақымен таныстырамын», - деді басқарма төрағасы.
Ол сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы компанияның табысына сәйкес жүргізілуі қажет екенін айтты.
«Компания қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға міндетті екенін түсінемін. Алайда компанияның қазіргі қаржылық жағдайы бұл мәселені тез арада шешуге мүмкіндік бермейді. Себебі үлкен инфрақұрылымдық компания болғандықтан, ішінде 2 752 пошта бөлімшесі бар. Оның 70%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. «Қазпоштаның» бірқатар бөлімшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда жөндеу жұмыстарына бюджетте қарастырылған қаражат жеткіліксіз», - дейді ол.
Қазір компания жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерге жағдай жасау үшін қосымша қаражат іздеп жатыр.
Сондай-ақ Серік Саудабаев 9 қазанда пошташылардың кәсіби мерекесіне орай өндірістік персоналға бірреттік сыйақы берілетінін хабарлады.