×

«Еденді де өзіміз жуамыз»: Алматыда «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты

Қызметкерлер әлеуметтік пакет пен еңбек демалысы қарастырылмағанын айтты

 Халық үні 16.09.2022 | 13:03
Halyq Uni

Алматыда «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты. Олар жалақыны көтеріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алматыдағы №22 пошта бөлімінің басшысы Ләззат Нұрсейітова мекеменің материалдық базасы ескіргеніне, жұмысшылар жалақысының төмендігіне шағымданады. Оның сөзінше, қызметкерлер еденге дейін өздері жуады. Ол жұмысты істейтін арнайы жұмысшы жоқ.

«Айлығымыз аз. «Қазпоштаның» материалдық жағдайы өте нашар. Жаңартыңыздар десек, жаңартпайды. Еденді өзіміз жуамыз. Негізі клининг компаниямен келісім бар. Бірақ олар бізге мүлдем келмейді. Бізде сорттаушы, пошташының барлығы келісімшартпен ғана жұмыс істейді. Ешқандай әлеуметтік пакет, еңбек демалысы деген жоқ. Ауырып қалып, демалысқа шықсақ орнымызға адам бөлмейді. Басшылық біздің айтқан талаптарымызды мүлде тыңдамайды», - дейді Нұрсейітова.

Оның сөзінше, «Қазпоштаның» Алматы қаласы бойынша директоры Алтын Садықова шағым айтқандарың үшін сотталасыңдар деп қорқытқан.

«Директор Алтын Садықова осылай жасасаңдар бап бойынша кетесіңдер деп қорқытады. Айлықтарыңның қанша екенін айтқандарың үшін сотталасыңдар деп хабарлама жібереді. Біз бүгін Астанадағы төраға келсін деп талап етіп, жұмысқа шықпадық. Бірақ ол кісі келе алмады... Операторлардың айлығы – 120 мың теңге. Бірақ оның нақты қолға алатыны – 93 мың теңге. Бізде қызметкерлер айлығы әртүрлі. Жұмыстың ауырлығына қарай бекітілген. Жалақыны қазіргі заманға сай 250-300 мың теңге етіп берсін. Қазір барлығы қымбат. Төлейтін ипотека, несиеміз бар», - дейді Нұрсейітова.

Жұмысшылар наразылығынан кейін «Қазпошта» жағдайға байланысты пікір білдірді. Ресми ақпаратқа сәйкес, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы наразылыққа шыққан қызметкерлермен сөйлесу үшін Алматыға жолға шықты.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев шағымдарын айтуға жиналған қызметкерлермен бетпе-бет жүздесу үшін Алматыға шұғыл ұшып кетті. Өйткені таңертең бірнеше жұмысшы Алматыдағы пошта ғимаратының алдында айлық-жалақыны өсіруді талап ету үшін жиналған. Алматы поштасының директоры Алтын Садықова дәл қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ кей Telegram каналда жарияланған жалақы мөлшеріне қатысты ақпаратқа да пікір білдірді.

«40 мың теңге көлемінде ақыны 0,3 мөлшерлемемен жұмыс істейтін, яғни толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін 4 пошташы алады. 0,3 мөлшерлеме бойынша жұмыс уақыты айына 24 сағатты құрайды», - деп хабарлады «Қазпошта» баспасөз қызметі.

Қазір «Қазпошта» АҚ-да жұмыс көлемінің төмендеуіне байланысты 47 адам 0,4, 0,5, 0,6, 0,7, 0,8 және 0,9 ставкамен жұмыс істейді.

Осы жағдайдан кейін «Қазпошта» қызметкерлердің жалақысына қатысты мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы «Қазпошта» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Серік Саудабаев мәлімдеді. 

«Қызметкерлер ең алдымен жалақы мөлшерінің аз екеніне шағымданды. «Қазпошта» қызметкерлерінің жалақысы жоғары емес екені белгілі. Айта кету керек, 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап біздің өндірістік қызметкерлердің жалақысы орташа есеппен 20%-ға көтерілді. Жалақыны көтеру кезінде ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы 25%-ға өсті», - деді Саудабаев.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама