Ұлытау облысында «Еңбек» футбол клубы қайта құрылады

Дастан Жұмабекұлы

Бағдарламаны әзірлеу туралы шешім қабылданды

фото: ашық дереккөз

Ұлытау облысында «Еңбек» футбол клубы қайта құрылуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.

Ұлытау облысы әкімінің аппараттық кеңесінде облыс басшысының орынабсары Ғалымжан Құсманғали мен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов кездесті. Кездесуде өңірдегі футболды дамыту перспективалары талқыланды.

Атап айтқанда, тараптар балалар футболын дамытудың, кадрлар даярлаудың, инфрақұрылым құрудың, сондай-ақ «Еңбек» клубын жандандырудың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша облыста футболды дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

«Еңбек» клубы 1967 жылы құрылған. Команда осы атаумен 1974 жылға дейін ойнап, одан кейін 1975 – 1979 жылдары «Горняк» деген атау алып, өнер көрсетті. Осыдан кейін ол 1980 – 1990 жылдары «Джезказганец», 1991 жылы «Металлург», 1992 жылы «Металлист» болып Қазақстан чемпионатында ойнады. 1993 – 1996 жылдары жергілікті команда қайтадан «Еңбек» деген бұрынғы атпен жасыл алаңға шықты. 1997 жылы жасақ «Ұлытау» клубы болып аталды. Сол жылы команда таратылды.

Жергілікті команда 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алып, Қазақстан чемпионатының құрылғаннан кейін үш маусым жоғарғы дивизионда ойнады.

Қазақстан чемпионатының жоғарғы лигасының өзі бірнеше рет атын өзгерткен. 1992 жылдан бастап 2001 жылға дейін «Жоғарғы лига» деп аталса, 2002 жылдан 2007 жылға дейін «Суперлига» болды. 2008 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «Премьер-лига» деп аталады.