×

Президент Қазақстанның баға жетпес байлығын атады

Бұған дейін үлкен форум декларацияларында радикализм, зорлық-зомбылық және қақтығыстар табанды түрде сыналған

 Дәурен Ерболат 14.09.2022 | 10:47
Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның баға жетпес байлығы туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстан халқы әртүрлі өркениет пен діннің дәстүрін бойына сіңірді. Сондықтан алуан түрліліктің бірегей қағидаты біз үшін негізгі болып саналады. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам этнос бейбіт және үйлесімде өмір сүруде. 18 конфессиядан тұратын 4 мыңға жуық діни бірлестік бар», - деді президент елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде.

Оның пікірінше, бұл Қазақстанның негізгі байлығы болып саналады.

Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Еліміздегі және әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан саясатының маңызды бөлігі. Бүгінгі съезд – соның айқын көрінісі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұған дейін үлкен форум декларацияларында радикализм, зорлық-зомбылық және қақтығыстар табанды түрде сыналған. Ол қандай идеяны желеу етсе де мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайтынын атап өтті.

«Қазіргі күрделі кезеңде дін басыларының бір үстел басында жиналуы айрықша маңызды. Олар кез келген мәселе бойынша ортақ пайымға келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл адамзатқа паш етуде. Менің ойымша, съездің ең басты миссиясы да, ерекшелігі де осында болып саналады», - деді президент.

Еске салайық, осыған дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі бір минут үнсіздікпен басталғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама