×

Діндер съезі бір минут үнсіздікпен басталды

Жиында жаһандағы өзекті мәселелер талқыланады

 Дәурен Ерболат 14.09.2022 | 10:03
Фото: egemen.kz

Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі дұға жасауға арналған бір минут үнсіздікпен басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Съездің пленарлық отырысы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбына арналған. Жиынға әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация келген.

Іс-шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Рим папасы Франциск жәна тағы басқа дін өкілдері қатысып жатыр.

VII съезде әлемдегі әйелдердің орны және гендерлік теңдікке қол жеткізудегі діннің рөлі, сапалы білім және діни ағартушылық, цифрлық дамудың қарама-қайшылығы және цифрлық теңсіздік проблемалары талқыланады.

Жиынның соңында декларация қабылданады. Оның мазмұны ағымдағы проблемалардың пайымын, оларды шешудің ықтимал жолдарын, сондай-ақ әлемдік діндер лидерлерінің ниеттерін, олардың халықаралық қоғамдастыққа жүгінуін көрсетеді.

Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.

Сондай-ақ Рим папасының Қазақстанға ресми сапары барысында кең ауқымды діни месса – Рим-католик шіркеуінің латын ғұрпындағы негізгі литургиялық қызмет өткеруі өтеді деп жоспарланып отыр.

Мессаға кез келген дін және номинал өкілдері  келе алады. Рәсімге әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше мыңға жуық діндар қатысады.

Съезден ақпарат таратуға 300 БАҚ тіркелген. Оның ішінде Рим папасымен бірге келген 81 журналист бар.

Еске салайық, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі 2003 жылы Астанада өткен еді. Кейінгі съездер 3 жылда бір рет 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама