Ерекше білімді қажет ететін балаланы оқытқандар 2 есе көп қаржы алуы керек – министр
Қазір жалпы мектепке баратын балаларды жан басына қаржыландыру - 500 мың теңге
Инклюзивті сыныптарда оқитын балаларды жан басына қаржыландыру үшін мектептер 2 есе артық қаражат алуға тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жан басына қаржыландыру мәселесі өте маңызды. Біз ерекше білімді қажет ететін балаларды жан басына қаржыландыру коэффициентін белгіледік. Ол 2 коэффициентке тең. Егер бізде жалпы мектепке баратын балаларды жан басына қаржыландыру 500 мың болса, ал инклюзивті сыныптарда оқитын балалар үшін сіздер екі есе қаржы алуларыңыз керек. Бірақ өңірлерге барғанда осы қағиданың толық орындалмай жатқанын көріп жатырмыз. Сондықтан білім басқармалары және бөлімдері осы мәселені бақылауға алып, тиісті шешім қабылдауы керек. Сіздер оны қалайсыздар ма, қаламайсыздар ма, заң бойынша солай болуы тиіс. Егер ерекше білімді қажет ететін бала мектепке келетін болса, сол бала үшін қаржыны екі есе көп алу керек. Өйткені ол балаға қосымша тьюторлар керек, тисті орта қалыптастыру қажет. Біз осы оймен осындай шешім қабылдаған болатынбыз, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен бірге министр мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшаларға орналастыру мәселесіне де назар аударды.
«Егер балабақшаға ерекше бала келсе, онда сол топтағы үш бала қысқаруы керек деген қағида бар. Маған әріптестерім жазып жатқандай, осы қағиданы орындау өте қиын. Неге? Өйткені, 25 бала балабақшаға алынып қояды. Кейін ерекше білімді қажет ететін 3 бала келсе, топтағы 9 бала азаюы керек. Бірақ оны қысқарту қиын. Сондықтан осы мәселенің шешімін тауып, алдын ала бір ұсыныс беріңіздер», - деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында балабақша тәрбиешілері толтыруға міндетті құжаттардың санын азайтатын бұйрыққа қол қойғаны туралы жазған едік.