Атырау облысы мектептерінде 380 жұмыс орны бос тұр
Білім басқармасының хабарлауынша, орыс сыныптарына бастауыш сынып мұғалімі қажет
Атырау облысында орыс тілінде білім беретін сыныптарда мұғалім тапшы. Бұл туралы облыстың білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
1 457 ОҚУШЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТЕ ОҚЫП ЖАТЫР
2022-2023 оқу жылында облыста 189 мемлекеттік мектеп, 14 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Өңір бойынша 141 320 оқушының ішінде 138 572 бала мемлекеттік мектепте, 2 070 оқушы жекеменшік мектепке барады. Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 678 оқушы оқиды. Бұған дейін өңірде биыл 14 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттағаны хабарланды.
Облыста 1 457 оқушы апатты жағдайдағы 4 мектепте білім алып жатыр.
Индер ауданындағы апатты жағдайда тұрған Қалам Есқалиев атындағы орта мектепте 240 бала білім алып жатыр.
Жылыой ауданы №5 жалпы орта білім беретін мектепте 484 бала бар.
Махамбет ауданы Төленов атындағы мектеп-гимназиясында 431 оқушы білім алып жатыр. Атырау қаласы №1 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте 302 оқушы бар.
Ауылдық жердегі апатты мектептердің мәселесін шешу үшін 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атырау қаласындағы апатты жағдайдағы бір мектеп бойынша тендер аяқталып, келісім жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.
Сондай-ақ 2021-2025 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша 48 мектеп салынады деп жоспарланған. Қазір 10 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
КОМПЬЮТЕР МЕН ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚТА ҚАЖЕТ
Атырау облысында 7 аудан бар. Оның ішінде Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат аудандарынан басқа аудандағы мектептер компьютермен 100% қамтамасыз етілген.
Индер ауданы мектептері компьютермен 37% қамтамасыз етілген. Ауданда 15 мектеп, оның ішінде 304 оқу кабинеті бар. 137 кабинетте интерактивті тақта жоқ, - деп хабарлады басқарма.
Мақат ауданы мектептері компьютермен 36,6% қамтылған. Аудандағы 9 мектепке 265 компьютер, 101 интерактивті тақта қажет.
«Махамбет ауданының мектептері компьютермен 89% қамтылған. Ауданға қарасты білім мекемелеріне 290 компьютер мен 10 интерактивті тақта қажет», - делінген ақпаратта.
Жылыой ауданының мектептері 80% компьютермен қамтылған. Ауданға қарасты оқу ордасына 160 компьютер мен 120 интерактивті тақта қажет.
380 ПЕДАГОГ ОРНЫ БОС ТҰР
Облыс бойынша мектептерде 12 424 педагог жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылында 380 кадр қажеттілігі бар.
Әсіресе орыс сыныптарына бастауыш сынып мұғалімі қажет. Сондай-ақ орыс сыныптарына қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, тарих, математика, технология пәнінен сабақ беретін педагогтер сұранысқа ие, - деп хабарлады Атырау облысының білім басқармасы.
2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейді. Атырау облысы бойынша мектептерде 107 педагог-ассистент бар. Атырау қаласында 54 маман, ауыл мектептерінде 53 маман бар.