×

Жамбыл облысында тұрғындар электр энергиясы ақысын Қырғызстанға барып төлеп жүр

200-ден аса адам тұратын ауылға электр желісі тартылмаған

 Ұлдана Жұбай 13.09.2022 | 10:48
Коллаж: Халық үні

Жамбыл облысында бір ауыл Қырғызстанның электр жүйесіне қосылған. Ауыл тұрғындары электр энергиясы үшін төлемді көрші елге жасайды, ол үшін теңгені долларға айырбастауға мәжбүр. Төлем жасау үшін ай сайын шекара асады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Меркі ауданы Жауғаш батыр ауылының Қырғызстанның электр жүйесіне қосылғанына 20 жыл болған.

Тұрғындардың айтуынша, Жауғаш батыр ауылындағы әр үй электр энергиясы үшін ай сайын 15-20 мың теңге көлемінде төлем жасайды. Тұрғындар электр энергиясының ақысын төлеу үшін ай сайын Қырғызстанға барады. Төлемді теңгемен емес, доллармен жасайды.

Жылына электр энергиясы үшін 150-160 мың теңге төлейміз. Ай сайын 15 мың теңге шығады. Кей үй айына 100-200 киловатт жағады. Оның ақысы 20 мың теңгеге жетеді. Облыс бойынша ең қымбат тариф бізде. Ауыл тұрғындарының ақшасын бір адам жинап, шекара асып, Қырғызстанда доллармен төлейді. Оған барып-келетін адамның жолақысын да төлейміз, - дейді Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Тұрғындар қанша қаржы төлеп отырса да, мұнда жарық жиі сөнеді.

«Жел тұрса, жарық өшіп қалады. Қырғызстан өшіріп тастайды. Одан кейін екі-үш күн жарықсыз отырамыз. Қаншама жылдан бері осы жағдай қайталанып келеді, етіміз үйреніп кетті», - дейді ауыл тұрғыны.

Ауылға бағаналар өткен ғасырдың елуінші жылдары тартылған. Алайда сол уақыттан бері жөнделмеген. Ауылдың маңында әскери бөлім мен шекара заставасы бар. Олар да электр энергиясын көрші елден алып отыр.

«Ауыл маңында әскери бөлім мен шекара заставасы бар. Олар да Қырғызстанға тәуелді. Жарықтың ақысын мемлекетаралық тарифпен төлейді. Ауылда күнкөріс қиындаған соң халық ауылдан үдере көшіп жатыр. Мектеп, медпункт жоқ ауылда не істейді? Газ тартылмаған соң қыста көмір жағамыз. Жарыққа 20 мың теңге төлейміз, көмір сатып аламыз. Оның бәрі қалтамызға салмақ түсіреді», - дейді ауыл тұрғыны Өмірбек Оразбаев.

Ауылда ауыз су мәселесі де шешілмеген. Тұрғындар суды құдықтан алады.

«Су мұнарасы осыдан 10 жыл бұрын 27 миллион теңгеге салынған. Электр энергиясы болмағандықтан, оны да өшіріп тастады. Қазір суды құдықтан тартып ішеміз. Бір сөзбен айтқанда жарық болмаған соң, тіршілігіміз толық тоқтап тұр. Ұялы байланыс та жоқ. Оған да электр көзі керек. Қаладағы ұл-қызымызбен хабарласа алмай қаламыз», - дейді Сағат Жақсымбетов.

Аудан әкімдігі қызметкерлері ауылдағы электр желісін жөндеуге қомақты қаражат қажет екенін айтады.

«Жауғаш батыр ауылына жарық 44 шақырым жерден тартылуға тиіс. 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтті. Жоба құны – 532 миллион теңге. Мұндай қаражат аудан бюджетіне ауыр болады. Сондықтан энергетика басқармасына жыл басында өтініш бердік», - дейді Меркі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Арғынбаев.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Алмас Омаровтың айтуынша, бұл мәселе министрлік бастамасымен ғана шешіледі.

«Жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке өтінімді бірінші жартыжылдықта өткіздік. Қазірге дейін жоба әлі қолдау таппады. Министрлік қолдаса ғана елдімекен мен екі әскери бөлім тұрақты электр энергиясымен қамтылады, - деді ол.

Олар сондай-ақ 2021 жылы ұсынылған жоба мақұлданса, бөлінетін қаржы жетпей қалуы мүмкін екенін айтты. Себебі құрылыс заттарының бағасы қымбаттап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама