×

Медициналық сақтандырудан бас тартсақ, кері кетеміз – министр

Ведомство сақтандыру жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр

 Дәурен Ерболат 09.09.2022 | 14:17
фото: ОКҚ

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен бас тартпайтынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы жолдауда қазақстандықтар сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отырғанын айтқан еді.

Медициналық сақтандырудан бас тартсақ, кері кетеміз. Мысалы, МӘМС жүйесі есебінен былтыр бюджетке жарты трлн теңге, биыл 800 млрд-тан аса теңге түсті. Бұл қаржы қосымша жаңа технологияларды енгізуге, қызметтің барлық түрін кеңейтуге, жабдықтарға сатып алуға мүмкіндік береді әрі денсаулық сақтауға инвестиция құюға, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын арттыруға жағдай жасайды. Сондықтан бұл жүйеден қалай бас тартамыз?, –  деді Ажар Ғиният ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты ол МӘМС жүйесі жетілдіретінін атап өтті.

«Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіреміз. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүйеге кірмей қалған адамдарды тарту үшін оны тартымды ету керек. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыс істемейтіндер, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқандар болуы мүмкін. Біз басқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық көмекті қамтамасыз етуіміз керек. Мысалы, адам қандай да бір себептерге байланысты жүйеге енбесе, оны мемлекеттік бюджет есебінен алуға болады. Бұл жұмыс жүргізіледі», –  деді министр.

Ведомство басшысы ерікті медициналық сақтандыру пакеттерін қолжетімді етуге қатысты шешімдер жыл соңына дейін қабылданатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама