×

Биыл Абай облысында орыс сыныбына қабылданған балалардың 61 пайызының ұлты қазақ

Биыл облыста 10 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды

 Айгерім Таубай 08.09.2022 | 17:54
Фото: Halyq Uni

Абай облысында 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа 9 860 бала қабылданды. Басым бөлігінің ата-анасы қазақ тілінде білім беретін сыныпты таңдаған.

Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, мектеп табалдырығын енді аттаған 9 860 баланың 6 947-сі қазақ тілінде оқиды, қалған 2 913 оқушы орыс тілінде білім алады.

Қазақ сыныбына қабылданғандар ішінде өзге ұлттың 141 баласы бар. Ал орыс тілінде білім алатын оқуышылардың басым бөлігінің ұлты қазақ. Облыс бойынша орыс сыныбына қабылданған 2 913 баланың ішінде 1 766 қазақ бала бар.

Қазақ тілінде білім беретін мектептердің 2-11 сыныптарында 62 953 оқушы бар. Оның ішінде ұлты қазақ емес 2 160 оқушы бар, - делінген білім басқармасының Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ облыста орыс тілінде білім беретін мектептің 2-11 сыныбына 29 229 оқушы барады. Оның ішінде 10 387 оқушының ұлты қазақ.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 10 мыңға жуық бала барады. Оның ішінде жартысынан көбі орыс тілінде білім беретін мектептің табалдырығын аттады.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жаңа оқу жылында облыстағы мектептердің 1-сыныбына 9 986 бала барады. Оның ішінде 47,6%-ы, яғни 4 752 бала қазақ тілінде оқытатын мектепке барады. Қалған 52,4%-ы, 5 234 бала орыс тілінде білім алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама