×

Ақтөбеде банк менеджері компания шотындағы 777 млн теңгені ұрлаған

Күдікті кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды

 Дастан Жұмабекұлы 07.09.2022 | 12:03
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласының № 2 сотында алаяқтық жасады деп айыпталған банк менеджері К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Бұл туралы Zakon.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Банк менеджері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, «С» акционерлік қоғамының есепшотынан 777 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлаған.

Сотта сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Келтірілген шығын көлемімен келіспеді. Сотталушының кінәсі сот-экономикалық сараптамасының қорытындысымен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді, –  делінген хабарламада.

Прокурор сотталушыны 10 жыл мерзімге банк саласында қызмет атқару құқығынсыз 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сот айыпталушының кішкентай баласы болғандықтан, жазаны жеңілдеткен.

Банк менеджері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол алдағы 10 жылда банк секторында қызмет атқара алмайды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама