Қостанай облысында өрттен екі ауылдың мал, құстары қырылған
Комиссия анықтағаннан кейін әрбір мал басына өтемақы төленеді
Қостанай облысында орманнан басталған алапат өрт 5 миллионнан аса гектар егіс алқабының тек 0,1 пайызына тиген. Ал үй жануарлары мен құстарға біраз шығын келіп отыр.
Республика бойынша қамбаның жартысынан көбін бидаймен толтыратын Қостанай облысының Қарабалық және Меңдіқара ауданында ғана егіннің шет жағы жанғаны болмаса, ел нансыз қалмайтын болды. Бүгінде егіс алабының 45 пайызы жиналған. Ал өрттен өлген мал басына комиссия анықтағаннан кейін өтемақы төленеді.
«4 қыркүйектегі соңғы дерек бойынша, Қарасу ауданының Люблинка ауылында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 12 бас ірі қара, 118 шошқа және 261 бас құс қырылған. Ешқандай жұмыс тоқтаған жоқ. Қазірдің өзінде белсенді күздік өнім жинау науқаны жүріп жатыр. Біздің шаруалардың өнім жинау науқанындағы белсенділігі өте жоғары», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.