Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот процесі 3 тамызда басталды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 5 қыркүйектегі сот отырысына куәгер ретінде Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяров шақырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Прокурор Лаура Асанова бірінші сұрақ қойды. Ахмедьяровтан келісімшарт туралы не білетінін сұрады. Ахмедьяров қалада Абай ескерткішін орнату бойынша келісімшарттың 2021 жылдың қарашасында жасалып, желтоқсанда орнатылғанын айтты. Бұл үкіметтің тапсырмасы, әрі бұрынғы «Нұр Отан» партиясының бағдарламасына енгізілгенін алға тартты.
Содан кейін Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев пен күдікті Хаменова куәгерге сұрақтарын қойды.
«Менің тағдырым, адам тағдыры шешіліп жатқанда, нақты жауап беруіңізді сұраймын. Сізге облыстық мәдениет басқармасынан немесе облыстың 24 басқармасынан бір адам ақшаны аудару керек, қалай да осы ескерткішті орнату керек деп айтты ма? Сізге тапсырма берілді ме?», - деп сұрады Хаменова куәгерден.
Куәгер Нұрбек Ахмедьяров бұл жөнінде телефон арқылы Ақылбек Рысқалиевтан ескерткішті орнату қажет деген тапсырма түскенін айтты.
Басқа басқармалардан тапсырма келмеді, - деп жауап берді Нұрбек Ахмедьяров.
Бақытгүл Хаменова Ақылбек Рысқалиев қай уақыттан бастап тапсырма бергенін нақтылады.
«2021 жылдың қай айынан бастап тапсырма бере бастады ма?», - деді Хаменова.
Нақты уақытын білмеймін. Телефон арқылы сөйлескенде Абай ескерткішін орнату бойынша бюджеттен қаражат сұрату қажеттігі бар деп айтқан болатын. Нақты қай күні айтқанын білмеймін, - деп жауап берді Нұрбек Ахмедьяров.
«Рысқалиевпен әңгіме барысында «Абай Құнанбаевқа қашан ескерткіш орнатасыңдар? Немесе «Балқыту» ЖШС-мен тездетіп келісімшартқа отыру керек деген әңгіме болды ма?», - деп сұрады Бақытгүл Хаменова.
Нұрбек Ахмедьяров «Ескерткішті қою қажет деген әңгіме болды. «Балқыту» ЖСШ-мен келісімшартқа отыру туралы нақты тапсырма берген жоқ» деп жауап берді. Осы сәтте Хаменова «тездетіп шартқа отыру туралы әңгіме болды ма?» деп нақтылады. Біраз үнсіздіктен соң Ахмедьяров «нақты есімде жоқ» деп жауап берді.
Келесі куәгер ретінде «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынша Макеева шақырылды.
«Сізбен бірге келісімшартты кім жасасып, жұмысты әрі қарай кім бақылап отырды?», - деп сұрады Хаменова куәгерден. Орынша Макеева Ақылбек Рысқалиевпен меморандум жасасқанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында Атырау қалалық мәдениет және спорт бөлімінің есеп және есептеу бөлімінің меңгерушісі Лиза Укешова мен Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жексенбай Фазуловтың жауабы тыңдалды. Олар сотқа куәгер ретінде қатысты.
Алайда одан басқа үш куәгер белгісіз себеп бойынша сот отырысына келмеді.
ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
Хаменова ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2022 жылдың 3 тамызында өтті.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Ташимов төрағалық етті. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Бақытгүл Хаменованың 4,5 миллион теңгені екі адам арасында бөлгенін айтты. Оның ішінде Ақылбек Рысқалиевқа 2 миллион теңгені өзіңе қалдыр деген.
«Хаменова Рысқалиев Атырау облысы әкімдігі ғимаратынан шыққаннан кейін оны қайта шақырып алған. Жиналыс кезінде шақырып «Сен мынаған өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» деп айтқан. Осылайша Рысқалиевқа пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескертті», - деді прокурор.
Алайда Бақытгүл Хаменова сот отырысы барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тек делдал ретінде жұмыс істегенін айтты. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов пара бергенін мойындады.
2022 жылдың 3 тамызында Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.