«Коммерциялық құпия»: «Бәйтерек» холдингі Сбербанкті қаншаға сатып алғанын неге жасырды?

Айнұр Шошаева
Коллаж: Halyq Uni

Жақында Қазақстан Үкіметіне қарасты «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» сатып алған ресейлік «Сбербанк Қазақстан» банкіне ребрендинг жүргізіледі, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Бұған дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен Сбербанк тобы Сбердің Қазақстандағы еншілес банкі («Сбербанк» АҚ ЕБ) акцияларының барлық пакетін сатып алу-сату туралы келісім жасасқаны туралы ресми мәлімдеген болатын. Сонымен бірге жақын уақытта «Сбербанк Қазақстанға» ребрендинг жүргізілетіні айтылды.

«Мәміле өзара қолайлы қаржылық шарттармен жасалды және барлық қажетті мақұлдауларды алды. Мәміле сомасы коммерциялық құпия. Бұл ретте, ҚР Азаматтық кодексінің 126-бабының 1-тармағына сәйкес, үшiншi тарапқа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны екенін, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығы сақталатын жағдайда, қызметтiк немесе коммерциялық құпия саналатын ақпаратты азаматтық заңдар қорғайды», – делінген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің редакцияға берген ресми жауабында. 

Бұған қоса, «Бәйтерек» банктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және банктің бұрынғы әрі жаңа клиенттеріне арналған банк қызметтерін дамыту және жетілдіру үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтылатынын атап өтті. 

Ең бастысы банк өз клиенттері алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырады, бұрынғы клиенттері үшін банк өнімдері бойынша барлық шарттар өзгеріссіз қалады деп отыр. Мәміле белсенді операцияларды толық қалпына келтіруге, депозиттер тартуға және төлемдер жүргізуге, сондай-ақ халық пен бизнеске арналған өнімдер мен қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді. 

Ұлттық холдинг ресейлік банкті қанша теңгеге сатып алғанын жасырып қоймай, болашақта жеке меншікке сатылуы мүмкін бе деген сауалымызды да жауапсыз қалдырды. 

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 маусымдағы №451-I ҚР Заңының 18-1-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, сұратылған ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жататындықтан және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбайтындықтан, ақпарат беруден бас тартуға мәжбүрміз», – деді холдинг. 

Еске сала кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Яғни, ұйымның бюджеті толығымен мемлекеттің қаржысы. 

Сонымен бірге жақын уақытта Сбербанк Қазақстанға ребрендинг жүргізілетні айтылды.

Өткен аптада Қазақстан қор нарығы 2021 жылы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшыларына 292,4 миллион теңге төленгені туралы ақпаратты жариялады. Бұл сома салық төлегенге дейін көрсетілген және оған 2021 жылдың қорытындысы бойынша лауазымдық жалақы мен сыйақы, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік мерекесіне арналған сыйлықақылар кіреді. 

«Бәйтерек» холдингінің ресми сайтында басқарма мүшелері ретінде төрт адам көрсетілген. Олар: басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, төрағаның бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов, төрағаның тағы екі орынбасары Әділ Мұхамеджанов пен Ерсайын Хамитов.