Қаланың бұған дейінгі әкімі бір ай бұрын қызметінен босатылды
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының активіне жаңа әкімді таныстырды. Орынбековке мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, шаһардағы мәселелерді шешу, қаланы дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Бақытжан Орынбеков 1971 жылы туған. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» және «тау-кен ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы бастаған.
Әр жылдары жеке кәсіпорындарда директор орынбасары, бас директор болды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс басқармаларының басшысы қызметін атқарған.
2016-2017 жылдары Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК-ның бас директорының орынбасары болған.
2017-2018 жылдары Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары болды.
2018-2021 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» АҚ-да департамент директоры, басқарушы директор – жобалық кеңсесінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі бас директор – басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.
Айта кетейік, 2021 жылдың наурызында Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған Ержан Жылқыбаев 2022 жылдың 5 тамызында қызметінен босатылды.
«Маған 400 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығына басшы болу – халықтың әл-ауқатын жақсарту, сан-салаға серпін беру, қаланы көркейту, халық сенімінен шығу сияқты міндеттер жүктелді. 1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын», - деп жазды Ержан Жылқыбаев.