Жергілікті белсенділердің айтуынша, мұндай жағдай Кербұлақ ауданында жиілеген
Әлеуметтік желіде Жетісу облысы әкімдігінен берілген мектеп формасының суреттері жарияланды.
Кадрлардан мектеп формасы бірнеше өлшемге үлкен екені көрінеді. Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы ата-ана мемлекеттен берілген көмекке шағымданды.
Жергілікті белсенділердің айтуынша, мұндай жағдай Кербұлақ ауданында жиілеген. Алайда бұл мәселе әлі көтерілмеген.
Білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова мектеп формасы ауыстырылатынын айтты.
Суреттегі баланы таба алмай жатырмыз. Ата-аналардан Білім басқармасының сенім телефонына +7 (705) 226-26-13 хабарласуын сұраймыз. Бүгінге дейін жеткізушілер өлшемі сәйкес келмейтін барлық мектеп формасын ауыстырды, - деді ол.
Еске салайық, тамыздың басында мектеп формасына байланысты жанжал осы Кербұлақ ауданында шыққан болатын. Анасы қызына берілген мектеп формасының бірнеше өлшемге үлкен болып шыққанын айтып шағымданды.