×

Нұрлан Таубаевқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталды

 Айнұр Асылбекқызы 03.09.2022 | 14:20
Halyq Uni

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров ісіне қатысты қаулы шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдың 17 мамырында Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Таубаев 10 жылға, Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров сот үкіміне шағымданбады. 

Сотталған Таубаев сот үкіміне келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. 

Таубаевтың апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың үкімін апелляциялық тәртіппен қайта қарау 2 тамызда басталды. Ол бір айға созылды. Сотталған Таубаев пен оның адвокаттары үкімге келіспеді және өздерінің апелляциялық шағымында оның күшін жоюды және Таубаевты ақтауды, сондай-ақ соттан жазаны колония-қоныстан қатаң режимге өзгертуді сұраған прокурордың өтінішін жоюды сұрады.

Сот алқасы үкімді өзгертуге немесе күшін жоюға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Осылайша бірінші сатыдағы соттың сотталғандарға қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылды, апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

ТАУБАЕВ ІСІ

2020 жылдың шілдесінде Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС арқылы орындаған.

Сотталушы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласына жетекшілік етіп, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Тимур Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7% – 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген.

Таубаев сотталушы Басаровқа ақшаны алып келуді тапсырған. Содан кейін Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама