Президент сайлауына қанша қаржы жұмсалады? - министр жауап берді
Бюджетте тек мектептер мен ауруханалар салуға қосымша ақша қарастырылған
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кезектен тыс президент сайлауын өткізу үшін қанша қаржы керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мен президент сайлауына млрд-таған қаржы жұмсалады деп ойламаймын. Оны есептейміз. Әлеуметтік пакет, яғни жайлы мектептер мен ауылдарда ауруханалар салу (Жолдау аясында, – автор) бойынша алдын ала жүргізілген есеп бар. Тіпті бюджетте оған қосымша ақша қарастырылған, - деді Үкімет басшысының орынбасары Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң.
Сонымен қатар журналистер қаржы министрінен «Бюджетте жетіспеген ақшаны қайдан аламыз? Ұлттық қордан ба?» деп сұрады.
Мүмкін. Қазір оны нақты айта алмаймын. Тапсырманы жаңа ғана алдым. Маған есеп жүргізуге уақыт беріңіздерші, - деді Ерұлан Жамаубаев ағынан жарылып.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған еді.