Утильалым мен бастапқы тіркеу 250 мың теңгеден аспауы керек – Тоқаев

Дәурен Ерболат

Президент елімізге көлікті заңсыз әкелу дерегін азайту керек деген пікірде

фото: ашық дереккөз

Қазақстанда утилизациялық алым мен бастапқы тіркеудің бағасы төмендейді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Алдағы уақытта көліктерді әкелудің барлық заңсыз арнасын жабу үшін батыл шаралар қабылдау керек. Сондықтан биыл 1 қыркүйекке дейін әкелінген осындай автомобильдерге қатысты ахуалды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін утильалым мен және бастапқы тіркеуді 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде біржолғы тәртіппен қолдануды ұсынамын», - деді Тоқаев.

Еске салайық, ақпан айының соңында Үкімет утилизациялық алымның жаңа мөлшерін жариялады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, барлық көлік түрі мен ауыр шаруашылығы техникасы үшін утилизация алымы 50 пайызға төмендейді.