×

Аймағамбетов мектептерде қай пәндер бойынша мұғалім жетпейтінін айтты

30-ға жуық мектеп жаңа оқу жылын апатты жағдайда бастады

 Наима Нұрәлі 01.09.2022 | 10:52
Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов республика бойынша 30-ға жуық мектеп жаңа оқу жылын апатты жағдайда бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Биыл республика бойынша 7 600-ден астам мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 30-ға жуық мектеп апатты жағдайда тұр. Мұндай мектептерді алмастырып, жаңа мектеп салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдыңғы жылы 270 мектеп салынса, биыл 260-қа жуық мектептің құрылысын аяқтаймыз. 2025 жылға дейін мың мектеп салу мақсаты тұр. Сол арқылы 3 ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі», - деді министр.

Айтуынша, елімізде 50 жыл бұрын салынған мектептер де бар.

Жыл сайын тексеріс жүргіземіз, мектептің жағдайына қарап, апатты жағдайдағы мектеп тізіміне енгіземіз. Біздің мақсат – ескірген мектепті ертерек анықтап, жаңа мектепке алмастыру, - деді Аймағамбетов.

Министр сондай-ақ кадр даярлау мәселесі басты назарда екенін айтты.

«2025 жылға дейін салынатын мектептерге 100 мың білімді-білікті педагог керек. Қазір сол бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Кадр тапшылығы бойынша айтар болсақ, мектептерде бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, химия пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік туып отыр. Қазір грант санын да көбейттік», - деді Оқу-ағарту министрі.

Айта кетейік, 1 қыркүйекте Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы №86 мектеп-гимназиясына барды. Министр оқу жылын салтанатты түрде ашты.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, елімізде 7,6 мыңнан астам мектеп бар, ол жерде 380 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді және 3,7 миллионнан астам бала оқиды.

Жаңа оқу жылында 400 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама