Атырауда бір уақытта 120 бала жоғалды

Динара Амантай

Ата-аналары концертті қызықтап, олардан көз жазып қалған

Фото: Halyq Uni

Атырауда 15 мыңға жуық адам тамашалаған концертте 120 бала жоғалған. Балалар 15 минут пен 1 сағаттың арасында табылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Кеше, 27 тамызда Атырау қаласындағы «Исатай-Махамбет» орталық алаңында өткен отандық эстрада жұлдыздарының гала-концертін тамашалауға 15 мыңға жуық көрермен жиналды. Сағат 19:00 - 00:00 аралығында қойылған концерт кезінде қоғамдық тәртіп пен тыныштықты Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қамтамыз етті. Полиция қызметкерлеріне «алаңда бала жоғалды» деген дерекпен 120-ға жуық арыз түскен.

Концертті тамашалау үшін алаңға адам көп жиналды. Бұл ата-аналардың балаларынан көз жазып қалуына әсер етті. Полиция қызметкерлері жоғалған балалардың бәрін 15 минут пен 1 сағаттың аралығында тауып, ата-аналарына аман-есен тапсырды. Ал, 6 баланың ата-анасының мобильді телефоны өшіп тұрды. Соған байланысты полиция қызметкерлері балаларды мекенжайы бойынша үйлеріне жеткізді, - деп мәлімдеді Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әнуар Кокалов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырауда электросамокат айдаған 11 жастағы баланы көлік қағып кеткені туралы жазған едік.