×

Павлодарда былтыр ғана пайдалануға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр

Кәріз суы құбырға емес, үйдің астына құйылып жатыр.

 Халық үні 24.08.2022 | 00:36
Фото: stan.kz

Павлодарда былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр. Бұған кәріз жүйесіндегі ақау себеп болған, деп хабарлайды Астана арнасы. 

Бұдан қауіптенген тұрғындар баспанамыз құлап қала ма деп қорқып отыр. Ал қос пәтерлі 22 үйдің құрылысына қазынадан 400 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Алайда, үйдің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды.

Кәріз суы құбырға емес, үйдің астына құйылып жатыр. Салдарынан баспананың іргетасы опырылып кеткен. Әлия Шахмарданова – көпбалалы ана. Бұл үйді мемлекеттік бағдарламамен алған. Алайда, сапасына көңілі толмай отыр.

Ванныйдағы судың бәрі еденнің астына кетіп жатыр. Үйдің асты суға толып тұр қазіргі уақытта. Үйдің астына су барғаннан кейін құлап кете ме деп қорқамыз. Мен өзім балаларым үшін өте қобалжимын. Өмірім үшін де қорқамын, – дейді ауыл тұрғыны Әлия Шахмарданова.

Тұрғындардың айтуынша, үй өте сапасыз салынған. Бөлме аралық қабырғасы гипсакартоннан тұрғызылыпты. Есік, терезесінде де олқылықтар көп болғанын айтады. Бастысы тұрғындар қыста үйді жылыта алмай қаламыз ба деп қауіптеніп отыр.

Суды қосқанда бәрінде симфония кетті. Түгел үйде су ақты, пеш жаға алмадым, жақсам су бұрқырайды. Біз мұнда қалың киім киіп, тазикті ұстап тұрдық, – дейді Кенжекөл ауылының тұрғыны Алмагүл Балғынбаева.

Біз бұл үйге көшіп келгенде өте жайсыз болды. Жылу жүйесі дұрыс тартылмаған. Іші кептірілмеген. Дымқыл болды. Амалсыздан осында тұру үшін несие алып, 3 млн. теңгеге жөндеу жасадық. Еденін, есік терезесін жылылап, кәріз жүйесін ретке келтірдік. Әкімдікке айтқанмен, ешбір нәтиже болмады, – дейді ауыл тұрғыны Бибігүл Дайырова.

Баспана "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бой көтерген. Құрылысына жалпы соммасы 400 миллионға жуық қаражат жұмсалыпты.Үй көпбалалы отбасылар мен оңтүстіктен қоныс аударушыларға берілген.

Су құбырының тесігі бар. Содан су ағып жатыр. Оны біз қазір ашып, жердің астын ашып, құбырларды көріп, зерттеп, егерде анадай ақау болатын болса, бәрін қалпына келтіріп, бәрін жасап береміз, – дейді Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асқар Ажмұра.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы сапасыз үйді қалай қабылдап алғанын айтпады. Тек бір аптаның ішінде баспананы қалпына келтіріп береміз деп уәдені үйіп төкті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама