10 жылға сотталған экс-шенеунік сотқа апелляциялық шағым түсірген
Атырау облысында 10 жылға сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаевтың апелляциялық шағымы бойынша кезекті сот отырысы өтті. Таубаев бұл жолы да сотқа келмеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ол 22 тамызда да сот процесіне түстен кейін келмеген. Сот процесі Таубаевтың денсаулығына байланысты 23 тамызға қалдырылған еді.
Бұл жолы Таубаевтың адвокаттары сот процесіне қатыса алмайтындықтан, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары тергеу абақтысындағы камерасынан шықпаған.
Сондай-ақ сот белгіленген уақыттан бір сағатқа кеш басталды.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раиса Аққұлова сотқа бірінші сатыдағы сотта кінәлі деп танылған облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровтың да жеткізілмегенін атап өтті.
Сот алқасы төрағасының айтуынша, Нұрлан Таубаевты 23 тамызда медицина қызметкері тексерген. Оның қан қысымы қалыпты екенін айтып, сотқа қатыса алады деген анықтама берген.
Сот алқасы сот отырысына келмеген Таубаевтың адвокаттары Игорь Вранчев, Нұрлан Жолболов, Нұртас Аманбаевтың әрекетін сотқа құрметсіздік, сот процесін үзу деп бағалайтынын жеткізді.
Содан соң сот алқасы төрағасы Аққұлова сол адвокаттардың алдын ала қалдырған өтініштерін қарады. Соған сәйкес, Таубаевтың адвокаттары сот отырысын 27 немесе 28 тамызға қалдыруды сұраған.
Сонымен қатар Аманбаев тағы да Таубаевқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Алайда кеңесу бөлмесінен қайта оралған сот алқасы бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Келесі сот отырысы 27 тамызда өтеді. Нұрлан Таубаев төртінші адвокаты Руслан Сағымбаевтың қызметінен бас тартты. Ол мұны сотқа онлайн қосылған кезде жариялады.
ТАУБАЕВ ІСІ
2022 жылыдң 17 мамырында Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Таубаев 10 жылға, Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров сот үкіміне шағымданбады.
2020 жылдың шілдесінде Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС арқылы орындаған.
Сотталушы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласына жетекшілік етіп, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Тимур Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7% – 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген.
Таубаев сотталушы Басаровқа ақшаны алып келуді тапсырған. Содан кейін Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған.