×

Ауылдың үздік оқушылары Елордаға жазғы демалысқа келді

Жоба аясында оқушылардың білім беру мен мәдениет саласындағы танымал тұлғалармен интерактивті кездесуін өткізу жоспарланған

 Халық үні 20.08.2022 | 22:27
фото: facebook.com/i.salzhanov

«Altyn Qyran Foundation» қоры 10 жылдан бері ауыл оқушыларының жаздық демалысын ұйымдастыруға арналған «Арман қалаға сапар» атты жобасын жүзеге асыруда. 

Аталған жоба аясында 300-ден астам ауыл балалары - республикалық және облыстық олимпиада жеңімпаздары, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыс кезінде елордаға қыдыру мүмкіндігіне ие болды. 

Бүгін елордаға осы іс-шараға Ақтөбе облысынан 29 оқушы келді. Олардың ішінде Сарыбұлақ, Ақраб, Қаракемер, Жарық және т.б ауылдардағы 8-11 сынып оқушылары бар. 

Мектеп оқушылары арасында оқу үздіктерін, олимпиада және түрлі байқаулар жеңімпаздарын іріктеуге көмектескен Қобда ауданының Білім беру бөлімінің қызметкерлеріне алғыс айтамын. Оқушылар үшін сапардың танымдық бағдарламасын дайындадық. Олар төрт күнде елорданың басты 15 көрнекті жерін аралап,  Есілдің бойымен кемемен серуендеп, қала ішінде «Red Bus»-пен экскурсия жасайды, - деді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.

Қайырымдылық қор президентінің айтуынша, жоспарда Nazarbayev University және физика-математика бағытындағы Назарбаев Интеллектуалды мектептеріне танымдық экскурсиялар бар. Сондай-ақ оқушылардың білім беру мен мәдениет саласындағы танымал тұлғалармен интерактивті кездесуін өткізу жоспарланған. 

«Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп айтқанындай, мен де біздің жастардың талантты, ойы озық, білімпаз екеніне сенемін. Осы сапар барысында жас қонақтарымыз білім алуға, дамуға мотивация тауып, жақсы әсер алып қайтады деп үміттенемін. Жас оқушылардың елордамыздағы демалыс күндерін қызықты және мазмұнды өткізуіне тілектеспін!», - деп жазды Исламбек Салжанов. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама