«Whatsapp чаттан шығып кеткен»: Атырау облысында қайтыс болған сарбаздың туыстары әскерилерді кінәлайды

Халық үні

Сарбаздың ата-анасы баласының қапияда қаза болғанына әскерилерді кінәлайды.

ашық дереккөзден

Атырау облысындағы 20/16 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатқан ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев үйіне табытпен оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

2003 жылы туған сарбаздың денесін  әскерилер кеше ата-анасына табыстаған. Әскери борышын аяқтауға бір ай ғана қалған сарбаз әскери міндетін орындау барысында мерт болған.

Оқиға әскери бөлімнен 80 шақырымда болған. Әскери тапсырманы орындауға аттанған 5 адамның ішінде Нұрбек Ерғалиев те болған. Жолда олар отырған көлік бұзылып, 3 сарбаз автокөлікте қалып, Нұрбек пен командирі көмек сұрауға жолға шыққан.

Жолда Нұрбек қатты әлсіреп, көз жұмады. Ал командирі жолға дейін жетіп, көмек күтіп жатқан. Көлікте 7 литр су бар екен.  Барлығы бірге неге көлікте көмек күтпеді? Бір түсінбейтін жайт, 15 тамызда біздің бала сарбаздардың whatsapp чатынан шығып кеткен. «Әскери бөлімге кешіккен соң, көмекті күндіз сағат 12-де жібердік. Марқұмның денесі кешке, сағат 18 шамасында табылды» деп түсіндірді бізге. Көмек неге кеш көрсетілді?, – дейді марқұмның туыстары.

Сарбаздың ата-анасы баласының қапияда қаза болғанына әскерилерді кінәлайды. Сондықтан да мәйітке сараптама тағайындауды талап етуде.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша марқұмның жүрегі тоқтап қалғаны анықталды.

Айта кетейік, бұған дейін 27 шілдеде ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы Қордай аудандық орталық ауруханасында көз жұмды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскеридің миына қан құйылып қайтыс болғанын хабарлады. Алайда марқұмның туыстары оның кісі қолынан қаза тапқанын айтты.