Жекеменшік балабақша тәрбиешілері де біліктілігін арттыра алады
Бір жылда мемлекет 505 млрд теңгені балаларды балабақшамен қамту үшін жұмсап отыр
Жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілері мемлекеттің біліктілікті арттыру курстарымен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов республикалық тамыз конференциясында айтты.
Балабақшаларда кадрлар даярлығының жеткіліксіз болуына біліктілікті арттыру курстарының аздығы себеп болып тұр. Келесі жылы біліктілік курстарын үш есе көбейтеміз. Атап айтқанда, жекеменшік балабақшалар мемлекеттік ұйымдар сияқты біздің балаларды тәрбиелеп жатыр. Жекеменшік балабақшаларды курстармен қамтымау дұрыс емес. Сондықтан алдағы жылдан бастап жекеменшік балабақшаларда жұмыс істеп жатқан тәрбиешілерді де мемлекеттің біліктілікті арттыру курстарымен қамту мәселесін шешеміз, – деді министр.
Осыған байланысты Аймағамбетов білім беру ұйымдарындағы сапаны көтеру аталған мәселеге тікелей байланысты екенін айтты.
«Мемлекеттік тапсырысты біз береміз. Бір жылда мемлекет 505 млрд теңгені балаларды балабақшамен қамту үшін жұмсап отыр. Осы мемлекеттік тапсырысты бергенде бірнеше жағдайды өзгертуіміз керек», - деді ведомство басшысы.
Осы орайда ол міндетті түрде балабақшада бейнекамералардың болуы бойынша және балаларға қолайлы жағдай жасауға қатысты арнайы талаптар бекітілгенін айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде педагогтердің артық жүктемеден босатылатыны туралы айтқанын жаздық.