×

Алматыда қыз 25-қабаттан секіріп көз жұмды: оқиғаға қатысты тың мәліметтер шықты

26 жастағы қыздың сөмкесінен онкологиялық ауруға шалдыққанын айғақтайтын анықтаманы көрген куәгерлер де бар

 Халық үні 17.08.2022 | 21:50
фото: әлеуметтік желіден

Алматыда жас қыз тұрғын үйдің 25-қабатынан секіріп көз жұмды. Сұмдық жайт куәгерлердің телефонына түсіп қалған. Мұндай қадамға баруына онкологиялық дертке шалдығуы себеп болуы мүмкін деп топшылайды оқиға куәгерлері. Қыз өзіне қол салмас бұрын балконда 30 минут бойы айқайлағанын да көргендер бар, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Тарс еткен дауыспен бір тағдыр үзілді. Сұмдық көріністі түрін көрсетпеуін өтінген жігіт түсірген. Айтуынша, 25-қабаттағы балконнан үздіксіз айқайлаған дауыс естіліпті.

Жиырма бесінші қабаттан жарты сағаттай айқайлады. Артынан полиция кірді, сол кезде секірді ғой, –дейді ол.

Видеода мәйіттің бетін жауып, сырт көзден қалқалап қойыпты. Жедел криминалистика зертханасы түн ортасына дейін жұмыс істеген.

25 қабатты кешеннің біраз тұрғыны түнде болған жағдайдан бейхабар. Оқыс оқиға түнгі сағат он шамасында болған. Қоршалған аумақты таң атқанша ретке келтіргендіктен, бұл жерде адам өлді деп көбі ойламайды.

Қас-қағым сәт – үш секундтың ішінде 25-қабаттан құлдилаған қыз жерге жалп етіп түскен. Түн тыныштығын бұзған оқиға орындағы қан ізін жуып тастаған. Тұрғын үй кешеніндегі күзетші марқұмның бұл жерде тұрмағанын айтады.

25-қабатта негізінен тәуліктеп жалға пәтерлер беріледі екен. Ал марқұм пәтердің емес, дәліздің балконынан секірген. 26 жастағы қыздың сөмкесінен онкологиялық ауруға шалдыққанын айғақтайтын анықтаманы көрген куәгерлер де бар.

Олай істеме деп бақырғанын естідім. Сөмкесінде онкология анализдері бар екен. Онкологиямен ауырған екен, -дейді куәгерлердің бірі.

Полиция аталмыш жайтқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Әзірге бір нәрсені дөп басып айту қиын.

Қайтыс болған азаматтың жеке басы анықталды. Ол 26 жастағы қыз. Бостандық ауданы полиция басқармасында ҚК 105-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталып кетті. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен себеп-салдары анықталатын болады, – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қыз секірер алдында біреуге аудиохабарлама жібергенін естігендер де бар. Жас қызды өлімге не итермелегенін енді тергеушілер анықтайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама