Президент Сингапурға барады – СІМ

Дәурен Ерболат

Кездесуде мемлекет басшысының ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Фото: inform.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні Сингапурға жасаған ресми сапарының екінші күні Сингапур президенті Халима Якуб Истана ресми резиденциясында қабылдады деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қос тарап Қазақстан мен Сингапур арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Мұхтар Тілеуберді Сингапур басшысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет басшысының Сингапурға алдағы ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері қозғалды.

Министр сұхбаттасын Конституцияға толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша елде өткізілген жалпыхалықтық референдумның нәтижелері, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша саяси және экономикалық реформалары туралы егжей-тегжейлі таныстырды.

Халима Якуб Қазақстан президентіне жылы лебізін білдіріп, қос мемлекет арасындағы сенімді диалог пен өзара қолдауға негізделген саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Сингапур президенті Нұр-Сұлтанда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің алдағы саммиті және әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберіндегі Қазақстанның қызметін жоғары бағалады.

Сол күні СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді Сингапур премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Лоуренс Вонгпен келіссөздер жүргізді.

Қазақстанның Сингапурмен ынтымақтастығының маңызды элементі көліктік, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл болып саналады. Осыған байланысты қос тарап экономикалық кооперация жобаларын және өзара тиімді ынтымақтастық бағдарламаларын ілгерілету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге және өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс және қаржы салаларындағы Қазақстан-Сингапур кәсіпорындарының жобаларын дамытуға ерекше назар аударылды.

Сингапур тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі және орталықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді.