×

Орал әкімі балаларға арналған ойын алаңы үшін 5 млрд теңге сұрап отыр

Орал қаласындағы бір алаңның құрылысы шамамен 35 миллион теңге деп есептелген

 Халық үні 15.08.2022 | 15:50
Halyq Uni

Орал қаласында балалар ойын алаңына қатысты мәселені шешу үшін 5 миллиард теңге қажет. Бұл туралы Орал әкімі Миржан Сатқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл мәселені құқық қорғаушы, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орал қалалық филиалы басшысы Бауыржан Ахметжан облыстың қоғамдық кеңесінде көтерді.

Оралдықтар қоғамдық көлікті ыстықта да, суықта да ашық жерде жарты сағаттап күтеді. Аялдама құны 10 миллион теңге болудың қажеті жоқ, қарапайым қылып салып беруін сұраймыз, - деді Бауыржан Ахметжан.

Сондай-ақ, ол облыс орталығы көшелерінде жарық шамдары жетпейтінін айтты. Соған байланысты «Орал – қараңғы қала» деп атала бастағанын айтты. Қалада балаларға арналған ойын алаңдары тапшы.

Орал қаласы әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, қазір қалада 130 аялдама ашық жерде орналасқан.

«Қазір Оралда 500-ге жуық аялдама бар, оның 130-ында аялдама павильоны жоқ. Біз ең арзан аялдама павильонын алсақ, оның орташа құны 2,5 миллион теңге болады. Демек бізге 320 миллион теңге қажет. Бұл мәселені аялдамаға дүкен салу арқылы, яғни бизнесті тарту арқылы шешкіміз келеді. Оралдағы 500 ауланың 100 ауласында ойын, спорт және балаларға арналған алаң жоқ. Егер бір алаңның құрылысы шамамен 35 миллион теңге деп есептесек, бұл мәселені шешу үшін шамамен 3,5-5 миллиард теңге қажет», - дейді қала әкімі Сатқанов.

Айта кетейік, бұған дейін жергілікті билік аялдама сауда нысанына айналмауы қажет деген ұстанымда болды. Осылайша көптеген дүкен бұзылды. Енді қайта аялдаманы жеке кәсіпкерлердің қаржысына дүкен түрінде салу мәселесі талқыланады.

2020-2022 жылдары Оралда көшедегі 14 мыңнан астам шам ауыстырылды. Бүкіл қаланы жарықтандыруға шамамен 3 миллиард теңгеге дейін қаражат қажет. Жергілікті билік ол қаражатты іздестіріп, бұл мәселені үш жыл ішінде шешеді.

«14 мың шамды ауыстыруға 800 миллион теңге жұмсалды. Бұл көп емес. Бізде жергілікті шам өндіруші өндіріс орны бар. Егер оның өнімі талаптарға сәйкес келсе, қажеті құжаттың барлығы болса, онымен шарт жасасып, жұмысты бастауға болады,» - деді Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев.

Ғали Есқалиев қала әкіміне биыл кем дегенде 50 аялдама павильонын салуды және кәсіпкерлермен жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама