Хаменова ісі: үш куәгер сот отырысына келмеді
Бақытгүл Хаменованың соты ұзаққа созылуы мүмкін
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үшінші сот отырысы 12 тамызда өтті. Істі Атырау қаласының 2 сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кезекті сот отырысында Атырау қалалық мәдениет және спорт бөлімінің есеп және есептеу бөлімінің меңгерушісі Лиза Укешова мен Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жексенбай Фазуловтың жауабы тыңдалды. Олар сотқа куәгер ретінде қатысты.
Алайда одан басқа үш куәгер белгісіз себеп бойынша сот отырысына келмеді. Келесі сот отырысы 5 қыркүйекте өтеді.
Айта кетейік, Хаменова ісі бойынша алғашқы сот отырысы 3 тамызда өтті.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов. Сот отырысына судья Жұмабек Ташимов төрағалық етті. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Бақытгүл Хаменованың 4,5 миллион теңгені екі адам арасында бөлгенін айтты. Оның ішінде Ақылбек Рысқалиевқа 2 миллион теңгені өзіңе қалдыр деген.
«Хаменова Рысқалиев Атырау облысы әкімдігі ғимаратынан шыққаннан кейін оны қайта шақырып алған. Жиналыс кезінде шақырып «Сен мынаған өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» деп айтқан. Осылайша Рысқалиевқа пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескертті», - деді прокурор.
Алайда Бақытгүл Хаменова сот отырысы барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тек делдал ретінде жұмыс істегенін айтты. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов пара бергенін мойындады.
ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
2022 жылдың 3 тамызында Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.