×

Шетелдік компаниялар Қазақстанға 3 млрд теңге салық төледі

Елімізде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап «Google салығы» енгізілді

 Динара Амантай 11.08.2022 | 17:03
Фото: h-news.kz

«Google салығы» бойынша Қазақстан бюджетіне 3 млрд теңге аударылды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Цифрық активтер басқармасының басшысы Нұржан Қуандықов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша қазір еліміздің азаматтарына тауар өткізіп, қызмет көрсетіп жатқан 30-дан астам компания тіркелген.

Аталған салық нормасы бойынша бірінші тоқсанда 2,6 млрд теңге төленді. Ал биылдың 8 айында бюджетке 3 млрд теңгеге жуық қаржы түсті. Екінші тоқсан бойынша салық төлейтіндер 25 тамызға дейін рәсімдерді жүргізе алады. Бұл салықты тек шетел компаниялары төлейді. Ал Қазақстан азаматтары осы салықты төлемейді, – деді Нұржан Қуандықов.

Бұған қоса Басқарма интернет желісінде Қазақстан азаматтарына тауар сататын шетел компаниялары төлейтін салыққа қатысты түсінік берді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалары күшіне енгені белгілі болды. Ол бойынша қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде 200-ден астам ресейлік ірі компания кеңселерін ашуы мүмкін екенін жаздық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама