Атырау облысы әкімі орынбасары Бақытгүл Хаменова сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады
Атырауда облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың сот отырысы басталды. Аса ірі көлемде пара алу ісі бойынша екінші сот отырысы 11 тамызда Атыраудың №2 қалалық сотында өтіп жатыр.
Айта кетейік, Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша алғашқы сот отырысы 3 тамызда өтті.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов. Сот отырысына судья Жұмабек Ташимов төрағалық етті. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор іс материалдарын оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Бақытгүл Хаменованың 4,5 миллион теңгені екі адам арасында бөлгенін айтты. Оның ішінде Ақылбек Рысқалиевқа 2 миллион теңгені өзіңе қалдыр деген.
«Хаменова Рысқалиев Атырау облысы әкімдігі ғимаратынан шыққаннан кейін оны қайта шақырып алған. Жиналыс кезінде шақырып «Сен мынаған өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» деп айтқан. Осылайша Рысқалиевқа пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескертті», - деді прокурор.
Алайда Бақытгүл Хаменова сот отырысы барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тек делдал ретінде жұмыс істегенін айтты. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов пара бергенін мойындады, деп хабарлады жергілікті «Ақ жайық» басылымы.
Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
Қазір Бақытгүл Хаменованың Атырау облысының әкімдігіндегі штаттық орны сақталған. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Хаменова жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазбаған.