Ресей Солтүстік Кореядан енді қару-жарақ сұрап отыр

Дастан Жұмабекұлы

Мамандар КХДР-дың алысқа ататын артиллерияларының күшті екенін айтады

фото: ашық дереккөз

Украинадағы соғыста қару-жарақ жағынан да, адам саны жағынан да көп шығынға ұшырап жатқан Ресей Солтүстік Кореядан да әскери көмек сұрай бастады.

Бұл туралы «The Moskow Times» порталы хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин Ираннан беспилотниктер сатып алу жөнінде келісімге келгеннен кейін Солтүстік Кореяға да сауын салып, қару-жарақ сұрауға кірісті. Алайда, АҚШ билігі таратқан осы мәліметті Иран жағы жоққа шығарып отыр.

«Bloomberg» басылымының хабарлауынша, әңгіме КХДР-дың артиллериясы жөнінде болып отырған көрінеді. Оның үстіне, Солтүстік Корея «ЛХР» және «ДХР» деген өздерін-өзі республика деп жариялаған құрылымдардың тәуелсіздігін мойындаған.

Мамандар Солтүстік Кореяның алысқа ататын артиллерияларының Ресейдің қаруынан әлдеқайда күшті екенін айтады.