Құрмет Талапқазы араласқан СҚО-дағы жер дауы Маңғыстау сотында қаралатын болды

Самат Жақып

Солтүстіктегі Шал ақын ауданындағы жер мәселесі 2011 жылы басталды. Ол кезде ауданды Азамат Әмрин басқарды

коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылын бұрын басқарған әкімдер жерді банкке кепілге қойып, артынша аукционға шығарып сатқан. Қазір ауыл шаруашылығына тиесілі көп жерге жеке тұлғалар иелік етеді. Соған байланысты тұрғындар жерінен айырылып, сотқа жүгінген. Мәселе ол жақта да шешімін таппаған соң өңірге арнайы барған «Жер аманаты» комиссиясы өкілдеріне шағымданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«СОТТЫҢ ӨЗІНЕ СОТ КЕРЕК»

Балуан ауылындағы 286 адамға тиесілі 4 322 гектар жер осыдан он жылдан астам уақыт бұрын заңсыз сатылып кетті. Бірақ тұрғындар оны кейін білген. Содан кейін тұрғындар бірнеше рет сотқа жүгінді. Алайда әлі күнге дейін әділдік сұрап жүр. Салдарынан ауыл дамымай, тұрғындай жаппай көшіп жатыр.

«Ауылда ештеңе қалмады. Халық алақандай жерінен айырылып қалды. Мал жаятын жайылым жоқ. Айналадағы жерді жыртып тастаған. Бос жер қалдырмаған. Бір сиыр бағатын мүмкіндік қалмады. Шабындық та жоқ. Соның кесірінен қымбатшылық жайлады. Картоптың бір келісі 300 теңге тұрады. Сүттің де бағасы шарықтап кетті. Бір кездері заңсыз cатылған жерді халыққа қайтармаса, ертең жағдайымыз тіппен қиындап кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде халықтың көбі Атырау, Петропавл, Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істеп жатыр», - дейді пайшы Бахытжан Ғабдуллина.

Айтуынша, бұған дейін бірнеше рет сотқа жүгінген, алайда нәтиже шықпады.

«Ауылдан тұрғындар еріккеннен емес, бала-шағасының қамы үшін кетіп жатыр. Бізге жерімізді қайтарсын. Балаларға да, халыққа да бар жағдайды өзіміз жасап аламыз. Ең бастысы – біздің құқығымызды қорғасын. Талай рет сотқа арыздандық. Ешқандай қозғалыс жоқ. Соттың өзіне сот керек сияқты», - дейді ол.

«ЖАЛҒАН ҚҰЖАТТЫҢ БӘРІ ҚОЛЫМЫЗДА БАР»

Жергілікті заңгерлерден еш көмек болмаған соң Балуан ауылының тұрғындары Алматы және елордалық сарапшы, заңгерлердің көмегіне жүгінді. Кейінгі бір жарым жылда олар талай былықтың бетін ашқан. Тіпті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің сату кезінде арнайы ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған деген де болжам бар.

«Менің «Балуан СК» ЖШС-ның жер мәселесімен айналысып жүргеніме бір жарым жылдан асты. Мәселе әлі шешілмей жатыр. Неге? Өйткені бұл істе мемлекеттік орган өкілдерінің, оның ішінде аудан әкімдігі, жер қатынастары бөлімі және әділет департаментінің мамандарының тікелей қатысы бар. Бұдан басқасы да жетерлік. Шал ақын ауданының бұрыңғы әкімі Азамат Әмрин деген адам осы істі жүзеге асырған. Ол басшылық қызметте отырып, бірнеше жалған құжат жасаған. Бұл материалдардың барлығы біздің қолымызда бар. Бірақ сот оларды қарамайды. Сәйкесінше біз халықтың құқығын қорғай алмай отырмыз. Бұл жерде жергілікті атқарушы орган өкілдері жауапқа тартылуы керек. Халықтың жан айқайын тыңдайтын билік жоқ. Президентіміз айтқан «Әділетті, Жаңа Қазақстан қайда?», - дейді заңгер Әсел Мержақып.

БАЛУАН АУЫЛЫ ЖЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ МАҢҒЫСТАУ СОТЫНДА ҚАРАЛАДЫ

Шал ақын аудандық әкімдігінің әрекеті «Жер аманаты» комиссиясының мүшелеріне айтылды. Комиссия енді Бас прокуратурадан қолдау сұрайды.

Халықты тонап кетті. Іске қатысты барлық материал менің қолымда бар. Олармен таныспын. Азамат Әмрин әкім кезінде жер учаскесін рәсімдеуге қатысты сенімхат шығарады. Яғни, әкімдіктің лауазымды тұлғасы ретінде өзінің қызметтік өкілетін асыра пайдаланады. Бір қызығы Әмринге қатысты қылмыстық іс мүлде талқыланбай отыр. Ол болмаса, мұндай жағдай болмайтын еді. Тиісті өтініш дайындап, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін республикалық комиссияға жіберемін, - дейді «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек. 

Айтуынша, келесі сот отырысы Маңғыстау облыстық экономикалық сотында қаралады. Себебі жерді кепілге қойған «Казипрохем Агро» ЖШС қайта тіркеуден өтіп, атауын «Қазына Construction Group» ЖШС деп өзгерткен. Сондай-ақ Маңғыстау облысы Ақтау қаласына тіркелді.

«Солтүстік Қазақстан облысының соты қайда қалды? Маңғыстау қайда жатыр? Бұл сұмдық жағдай ғой. Сондықтан келешекте осы іске Қазақстанның Бас прокуратурасы араласуы қажет», - дейді Базарбек.

ӘМРИНДІ ҚЫЗМЕТІНЕН УАҚЫТША БОСАТУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Бір кездері Шал ақын аудының әкімі болған Азамат Әмрин қазір Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып отыр. «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов мемлекеттік қызметшіні қызметінен уақытша босату туралы ұсыныс айтты.

«Бұл азамат осыдан 10 жыл бұрын жалған құжат рәсімдеп, алаяқтық жасаған. Неге мұндай адамдар әлі күнге мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүр? Сот отырысы кезінде ол қызметінен босатылуы керек деп ойлаймын. Егер кінәсі дәлелденбесе, қайта орнына келеді ғой. Қазір президентіміз «Жаңа Қазақстан» құруды бастап кетті. Сондықтан мемлекет басшысының командасында мұндай шенеуніктер болмауға тиіс. Әмрин бұрын жалған құжат жасаған болса, оның мұндай іске тағы да бармасына кім кепілдік бере алады?», - дейді Мұрат Әбенов.

«ЖЕР ҚАЙТАРЫЛСА, АУЫЛҒА ОҢТҮСТІКТЕН ХАЛЫҚ КӨШІРУГЕ ДАЙЫНБЫЗ»

Қазір Балуан ауылының берекесі қашты. Тұрғындар 4 322 гектар жер халыққа қайтарылса, ауылға оңтүстік өңірден көшіп келетіндер де көбеюі мүмкін екенін айтты. Көшті бастауға қуаңшылық кезінде Маңғыстау жұртына шөп жинап, көмек берген Құрмет Талапқазы да көмек қолын созуға дайын.

«Балуан ауылы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Кезінде 120-дан астам отбасы қоныстанған, іргелі үлкен ауыл болған екен. Енді бұл ауылды жанға, даласын малға толтыру үшін жұмыс істеуіміз керек. Басшылықтағы ағаларымыздың құлағына алтын сырға. Шал ақын ауданының орталығына 60 шақты жаңа үй салынды. Сапасын барша қазақстандық көріп-біліп отыр. Оның үстіне онда мал ұстауға да, егістікке де жер жоқ. Оңтүстіктен халықты шақыртып, берген уәделерін орындай алмай отыр. Сондықтан салатын үйлеріңізді мына Балуан сияқты ауылдарға салыңыздар. Жарығы бар, айнала қоршаған бірнеше көл. Мектебі бар. Әзір баланың жоқтығынан жабылған екен. Бірақ қайта аштыртуға болады», - дейді Балуан аулына барып қайтқан Құрмет Талапқазы.

Ол өңірдегі жер мәселесін шешіп, жолды жөндеп беруді сұрап отыр.

Келешекте Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Иран, Моңғолиядан қандастарымыз келеді. Осы ауылды қайта түлетуіміз қажет. Біз көмектесуге дайынбыз. Ішетін суы бар, көлі бар керемет жер. Сондықтан қандастарымызды осындай жерге әкелсек, болашақта ауыл қайта түлейді, - дейді ол.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы Балуан аулындағы жер дауы 2011 жылы басталған. Сол кезде «Казипрохем Агро» ЖШС 4322 гектар жерді халықтың рұқсатынсыз кепілге қойып, 250 тонна тұқым сатып алған. Бірақ қарыз өтелмей, аукционға шығарылған 7 жер учаскесін «Айгүл» фермерлік шаруашылығы сатып алған. Ал бұл туралы Балуан ауылы тұрғындары 2016 жылы білген. Содан бері тұрғындар жер мәселесін шеше алмай отыр.