×

Балуан ауылы барынан айырылды: тұрғындары жұмыссыз, мектебі жабық

СҚО-да бір ауыл карта бетінен жоғалуы мүмкін

 Самат Жақып 28.01.2022 | 16:41
СҚО. Балуан ауылының қазіргі жағдайы

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Балуан ауылында бір кездері 150 шаңырақ түтін түтеткен. Қазір бар-жоғы жеті үй қалған. 2011 жылы 286 азамат шартты жер үлесінен қағылды. «Аңқау елге арамза молданың» тірлігін «Казипрохем Агро» серіктестігі жасаған. Олар 4322 гектар жерді халықтың рұқсатынсыз кепілге қойып, 250 тонна элиталық тұқым сатып алған. Бірақ қарыз өтелмеген. Осылайша аукционға шығарылған 7 жер учаскесін «Айгүл» фермерлік шаруашылығы сатып алады. Ал, оны балуандықтар 2016 жылы ғана естіген. Жерге қатысты дау әлі де шешімін таппай отыр. Қажыған жұрт базынасын кімге жеткізерін білмей сенделіп жүр. Өйткені ауыл жұрты аудандық әкімдіктен үмітін үзген.  

АУЫЛ ЖЕРІН САТЫП ЖІБЕРГЕН

Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Казипрохем Агро» серіктестігіндегілер халыққа тиесілі мүлікті кепілге қою үшін жалған құжат жасаған. Ал көпшілік оны бірнеше жыл өткеннен кейін білген.

«Бұл былыққа Шал ақын аудандық әкімдігінің де қатысы бар деп есептейміз. Себебі ондағыларда «ойын» жүзеге асыру үшін түрлі хаттама, қаулы шығарып отырған. Бір қызығы олардың кейбірі қазір жоғалып кеткен. Осылайша «пысықайлар» жерімізді бір қаламның ұшымен сатып жіберді. Ал соттың басталғанын естіген серіктестік банкрот жариялап, жабылды. Жалдаған адвокаттарымыз орта жолға келгенде, «лицензиямнан айырылғым келмейді» деп тоқтап қалады. Аудан әкімінен, прокурорынан көмек сұрадық. Ешқандай қозғалыс жоқ. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов мырза да үнсіз. Болмаған соң жақында адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросына бардық. Ашынған ағайынның зар-мұңын еститін құлақ жоқ. Міне, билікте отырған жауапсыз адамдардың кесірінен ауылымыз құрдымға кетті. Тұрғындар жан-жаққа көшті. Енді мектебіміз аукцион арқылы сатылғалы жатыр», - дейді пайшы Диқан Кәрішалов.

Балуан ауылы бір кездері дүркіреп тұрған елді мекен болған. Тоқсаныншы жылдардың басында мұнда жаңадан екі қабатты мектеп тұрғызылды. Еліміз тәуелсіздік алған шақта шамамен 200-ге жуық оқушы білім алған. Жергілікті халықтың көбі мал шаруашылығымен айналысып, нанын тауып жүрген. Қазір бір кездері жұмыс істеп тұрған кітапхана, клуб, наубайхана және медициналық пункттің үйінділері ғана қалды.  

Мен өзім жаңа мектепте 25 жыл еңбек еттім. Соңғы жылдары директорлық қызмет атқардым. 11 жылдық білім беру мекемесі уақыт өте келе 9 жылдық болды. Кейін бастауыш сыныптар ғана қалды. Ал 2020 жылы есігіне қара құлып ілінді. Аталған білім ордасы көпбалалы аналардың сұрауымен салынған еді. Орталықтандырылған су жүйесі, жылу қазандығы істеп тұрды. Ауылға күнде қоғамдық көлік қатынайтын. Қазір бәрі құрыды, - дейді Торғын Әбдірахманова.                   

МАРҚҰМДАРДЫҢ АТЫНАН ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН

Жергілікті жұрттың билікке деген өкпесі қара қазандай. Айтуынша, жерді кепілге өткізер кезде қол қойған пайшылардың қатарында әлдеқашан о дүниелік болған адамдардың есімдері, 2000 жылдары шетелге кетіп осы күнге дейін қайтып оралмаған азаматтар да бар. Ал аукционға шығарылған жер телімдерін «Айгүл» фермерлік шаруашылығы небәрі 25 миллион теңгеге сатып алған. Айғай-шу болмасын деп олар жылына бір адамға 6 мың теңгеден девидент береді. Есептегенімізде, ол күніне 16 теңге. Жергілікті авдокаттардан да қайыр болмай тұр. Сондықтан қараша халық қалтасынан қаржы шығарып, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан білікті сарапшы, заңгерлердің көмегіне жүгінді. Материалдарды зерттеп-зерделеген мамандар істі қайтадан сотқа берді.

«Жер кодексінің негізгі баптары бұзылған. Яғни шартты жер үлесі иелерінің қатысуынсыз жалпы жиналыс ұйымдастырылған. Ол үшін БАҚ-та алдын ала хабарлама жасалуға тиіс. Және кемінде жер иелерінің 50 пайыздан астамы қатысуы шарт. Нотариус тарапынан заңсыздықтар болып отыр. Жалған хаттамалар рәсімделген. Өте үлкен қылмыстық құрамы бар топ жұмыс істеген. Жалған құжаттамаларды әзірлеу, жалған хаттама ұйымдастыру, жерлерді заңсыз иеліктен шығару, сату сияқты фактілер бар. Бір серіктестік бұл әрекетті ұйымдастыра алмайды. Кемінде жер кадастрының, тиісті әкімдіктің лауазымды тұлғалары, жер қатынастары бөлімінің қызметкерінің қатысы бар. Сондықтан біз адвокаттық сұрау жолдап, тексердік. Құжаттарды әділет департаменті қалай тіркеген?  Аудандық прокуратура қайда қараған? Ақылға сыймайды», - дейді заңгер Бақытжан Базарбек.

Бір қызығы, халықтың жанына батқан мәселеден жергілікті атқарушы билік өкілдері хабардар болған. Алайда, аудан әкімі Рахат Смағұлов әлі күнге дейін бұл сұрақ бойынша халықпен кездеспеген. Тек жақында әлеуметтік желіде Шал Ақын аудандық әкімдігі аталған мәселеге қатысты қысқаша үн қатты.  

«Қазипрохем Агро» ЖШС-ға пайшылардың сенімхаты негізінде берілген жер «АТФ Банк» АҚ-на кепілге қойылды. Жер учаскесін пайшылардың сенімхаты негізінде 2011 жылы жеке сот орындаушысы сатылымға шығарды. Қорытындысы бойынша «Айгүл» фермерлік шаруашылығы  жеңімпаз атанды. Пайшылардың бір бөлігі «Айгүл» ФШ-мен дивидент алу үшін келісімшарт жасады. Қалғандарының талап арызы сотта. Оларға әкімдік тарапынан қажетті заңгерлік кеңес берілуде», - делінген жазбада.

Әкімдіктің бұл жауабы жергілікті халықтың ашу-ызасын одан сайын өршіткен. Балуан тұрғындары әкімдікдің жауабы шындыққа жанаспайды деп есептейді.

«Біріншіден, «Қазипрохем Агро» ЖШС-ға жерді пайдалану құқығын Шал ақын ауданы әкімдігі  (22.02.2010 жылғы № 33 қаулысына сәйкес), яғни сол кездегі аудан әкімі А.Әмрин мырза қол қойған өтініш негізінде берілді. Бір қызығы, әділет басқармасы «Казипрохем Агро» серіктестігінің директоры Ж.Серғалиевке жер телімдерін тіркеуден бас тартады. Сол кезде бұрынғы әкім А.Әмрин Ж.Серғалиевке Балуан жер учаскелерін басқаруға сенімхат жасайды. Заң бойынша әкімдіктің ондай құзіреті жоқ. Екіншіден, пайшылар жерді кепілдікке қою үшін ешқандай сенімхатқа қол қойған емес. Өйткені халық 2016 жылы ғана жердің сатылғанын білді. Ал 2011 жылы жеке сот орындаушысы емес, мемлекеттік сот орындаушысы М.Байтеленов жерді сатуға шығарған. Ал «Айгүл» ФШ-нан девидендт алу туралы келісімнің заңға қайшы. Себебі ол құжаттың да ешбір тіркеу нөмірі жоқ. Сондықтан әкімдіктің жауабының барлығы жалған», - дейді пайшы Манарбек Қабдуллин.

Жергілікті әкімдіктен үмітін үзген Балуан жұрты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, қылмыстық іс қозғалуын сұрап отыр. Тіпті, осы мәселе бойынша Ақорда алдына дейін баруға бекініп отыр.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама