Елордада ер адам 10 қабаттан құлаған бес жасар қызды қағып алды
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 31 шілдеде болған.
Кешкі сегіздер шамасында Қабанбай батыр 42 мекенжайында 2017 жылғы қыз бала терезеден құлап кеткен. Сол жерден өтіп бара жатқан ер адам қызды қағып алған.
Дегенмен ол қағып алу арқылы қыздың жарақатын жеңілдетуге ғана себепші болды. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, -делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті Талғат Әбдіханұлы есімді ер адамды марапаттау рәсіміне шақырған. Алайда ол қыздың жағдайына байланысты одан бас тартқан.
Бұған дейін елордада 8-қабаттың терезесінен 3 жастағы бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа қазақ елі алғысын білдіріп, мемлекеттік мекемелер сыйлық пен марапат бергенін жазған болатынбыз.