Ауру елге Америка Құрама Штаттарынан жұмыс істеуге келген шетелдік азаматтан анықталған
Молдовада маймыл індетін жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы республиканың Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, шетелдік азамат медициналық көмек алу үшін Клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген. Әлсіреу, қалтырау және тері бөртпелері байқалған шетелдік маймыл шешегін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған.
Науқастан бөртпе үлгілері жиналып, зертханалық зерттеулер үшін Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау агенттігіне жеткізілді. Маймыл шешегіне арналған тест оң нәтиже көрсетті, – деп мәлімдеді Молдова ДСМ-ның баспасөз қызметі.
Науқас АҚШ-та маймыл шешегі расталған адаммен байланысқа түскені белгілі болды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бразилияда маймыл шешегінен қайтыс болған алғашқы өлім тіркелгені туралы жаздық. Бір күннен кейін Испанияның Валенсия қаласында тағы бір адам көз жұмды. Осылайша бұл Еуропадағы алғашқы, ал Африкадан тыс жердегі екінші өлім дерегі. Испания маймыл шешегінің таралуы бойынша әлемдегі АҚШ-тан кейінгі екінші ел екенін де айта кетейік.