Оқиға куәгері қылмысқа қатысты болжамын айтты
Орал қаласында кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің өліміне қатысты күдіктілер кейінгі кезде дәмханаға бірнеше рет келген. Оқиға куәгерінің айтуынша, олар бұған дейін марқұмның қоластында жұмыс істеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Айта кетейік, 6 тамызда 49 жастағы кәсіпкер Еркін Мұханғалиев кісі қолынан қайтыс болды. Оқиға қаладағы дәмхананың бірінде болған. Кейіннен қылмыс сәтінен видео жарияланды, ол жерде жас жігіттің кәсіпкерді пышақтағаны анық көрінеді. Сондай-ақ кәсіпкерге көмекке бір жігіттің келгені де түсірілген. Куәгердің айтуынша, күдіктілер кәсіпкермен бұрыннан таныс болған.
Видеода көмекке келген жігіт – оқиға болған дәмхана қызметкері. Ол есімін атамауды сұрады. Оның сөзінше, желіде жалған ақпарат тарап жатыр. Ол кәсіпкердің екі жігітке қарыз болмағанына сенімді.
«Күдіктілер бірнеше жыл бұрын кафеде жұмыс істеген, яғни таныс болған. Кездесу кезінде не туралы әңгімелескенін білмеймін. Мен жанына барған кезде басшым жарақат алған еді. Видеода көрініп тұрмын. Маған да пышақ сұқпақ болды. Мен олардан қорғану үшін қолыма бір зат алып келгенше қашып кетті. Кафеге ақша бопсалау үшін келді деп ойлаймын. Желіде «қарызын қайтармаған» деп жазып жатыр, бұл – жалған ақпарат. Басшымыз жақсы адам еді. Кейде ұрсып, білмегенімізді үйрететін. Себепсіз ешкіммен жанжалдаспайтын. Әлгілер кейінгі кезде жиі келгіштеп кетті. Қоқан-лоқы көрсеткен-көрсетпегенін білмеймін, алайда біз оларға қарыз болмағанымыз анық», - дейді оқиға куәгері.
2022 жылдың 6 тамызында сағат 19.55 шамасында Махамбет көшесіндегі ғимаратта кәсіпкер кісі қолынан қайтыс болды. Аса ауыр қылмыс жасаған 1991 жылы туған Руслан Қожантаев пен 2001 жылы туған Тұрлан Амангелдіге іздеу жарияланды. Бақылау камераларына олардың кафе ішінде кәсіпкерді өлтірген сәті, көшеге қашып шыққаны түсіп қалған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Айта кетейік, кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин мәлімдеді. Қазір 1991 жылы туған және 2001 жылы туған екі күдікті ұсталды. Оның айтуынша, аталған қылмыс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне («Адам өлтіру») бойынша қайта сараланды. Бұл бап бойынша 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Кәсіпкердің бірнеше жерінен пышақ сұққан, ол жарақат салдарынан жедел жәрдем келгенше сол жерде көз жұмды. Осы қылмыс жасалған сәттен бастап Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрамы түгел жұмылдырылып, күдіктілерді құрықтау үшін кең көлемде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жақын жерде орналасқан барлық бау-бақша, саяжай тексерілді. 2022 жылдың 8 тамызы сағат 10:30 шамасында Орал қаласы Көктем саяжайында осы қылмысты жасаған күдіктілер ұсталды, – деді Жанболат Жаншин.
Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы