Кеңесшілерінен бас тартқан Нәлібаев ауыл әкімдері мен полиция инспекторларының ауылда тұруын міндеттеді
Бұл бастама әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғамда ашық талқыға түсті
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұдан былай ауыл әкімдері, полиция инспекторлары өзі қызмет жасайтын ауылда тұруы керек деген талап қойды.
7 ауданда, қалада да ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Оны ауылдың адамдары кейде таппайды деген сөз. Ауылда түрлі жағдай болады, мал ұрлығы болған сәтте полиция инспекторларын таппай қалады.
Кетіп қалғаннан кейін телефонын да алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, полиция инспекторы, мектеп директоры сол ауылда тұруы керек. Басқа ауылдан көшіп барса да, тұрсын, - деді ол.
Нұрлыбек Нәлібаевтың бұл сөзін желі қолданушыларының басым бөлігі қолдаған. Себебі жұмысында сылбырлық танытқан кейбір полиция инспекторлары мен ауыл әкімдері үшін бұл талап орынды дейді. Кейбірі «жұмыс енді жүреді, ұйықтап отырғандар оянатын болады» деген пікірлер жазған.
«Өте дұрыс! Негізі ауыл әкімі ,мектеп директоры сол ауылдың тумасы немесе тұрғыны болу керек. Сол ауылдың жанашыры болуы керек», «Өте орынды, дұрыс. Молодец рахмет. Әкім осындай болуы керек, қатаң болса тәртіп болады, Ауылда рас Учасковый, Әкім таппайсың. Итпен іздеп әрең табасың»,-деп жазды желі қолданушылары.
Ендігі кезекте аудан әкімдері бұл талапты орындауға көшеді. Нәтижесін әзірге уақыт еншісіне қалдыра тұрайық.
Еске салсақ, бұған дейін де Нұрлыбек Нәлібаев штатта жүрген кеңесшілерінен де бас тартып, кеңесшім – халқым деген еді.