×

Нәлібаев жаңалық ашқан жоқ: Қазақстандағы кеңесшісі жоқ әкімдер кімдер

Шымкент әкімінің қос кеңесшісіне жыл сайын бюджеттен 7 млн теңгеге жуық жалақы төленіп отыр

 Айнұр Шошаева 03.05.2022 | 13:36
коллаж: Halyq Uni

Жақында Қызылорда облысы әкімі болып тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаев жұмысын әкімдік құрылымындағы бірқатар өзгерістерден бастады.

«Алдағы уақытта облыс әкімінің штаттық және штаттан тыс кеңесшілері болмайды. Кеңесші атағын оңды-солды таратпау керек. Біздің басты кеңесшіміз – халық!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Нәлібаевтың бұл бастамасы қоғамда қызу талқыланып, әкімнің бұл шешімін жоғары бағалағандар көп болды. Бірақ, Нұрлыбек Нәлібаев ешқандай жаңалық ашқан жоқ. Былтыр желтоқсан айында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кеңесші лауазымынан бас тартты. Қазір Қарағанды облысы әкімінің аппаратының штаттық кестесіне сәйкес, облыс әкімінің кеңесші лауазымы жоқ, сонымен қатар облыс әкмінің штаттан тыс кеңесшілері де жұмыс істемейді.

Сол сияқты Маңғыстау облысының әкім Нұрлан Ноғаев пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа да «кеңес беретін» адам жоқ екен. Бұл екі өңірдің әкімдігінде штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымы жоқ.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі басқа облыс әкімдерінің (облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала) штаттағы, штаттан тыс қанша кеңесшісі барын анықтап шықты. Сондай-ақ әкім кеңесшілеріне бюджеттен қанша жалақы төленетінін сұрады. Кейбір облыс әкімдерінің алты бірдей кеңесшісі болса, бірқатар облыстың әкімі кеңесші штатын қысқартып тастаған.

Белгілі болғандай, елімізде кеңесшісі көп әкім Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин болып шықты - 6 кеңесшісі бар. Облыс әкімінің бір кеңесшісі штатта, қалған бесеуі штаттан тыс екен. Облыс әкімінің штаттағы кеңесшіне еңбекақы қаулысына сәйкес төленеді. Ал штаттан тыс кеңесшілерге еңбекақы қарастырылмаған, яғни бюджеттен жалақы төленбейді.

Облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар тұлғалар конкурстық іріктеусіз қабылданады екен.

Кеңесшісі көп әкімдердің «рейтингінде» Нұр-Сұлтан қаласының мэрі Алтай Көлгінов екінші орында тұр. Елорда әкімдігінің штатында төрт кеңесші бар. Алтай Көлгіновтің кеңесшілеріне жалақы қызмет өтілі мен қызметтік бағытына байланысты 263 131 теңгеден 406 714 теңгені құрайды.

Тағы екі өңірдің әкімінде үш бірдей кеңесші бар екен. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің штаттағы 3 кеңесшісі бар. Ал штаттан тыс кеңесшілері жоқ.

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың үш кеңесші бар: біреуі штатта, екеуі штаттан тыс. Штаттан тыс екеуі - инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі, мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесші. Оларға жалақы төленбейді.

Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің екі 2 кеңесшісі бар. Оның біреуі қала әкімінің экономикалық мәселелері бойынша кеңесшісі, екіншісі қала әкіміне әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес береді. Екі кеңесшіге бюджеттен төленетін орташа жалақы 282 693 теңгені құрайды. Шымкент әкімінің штаттан тыс кеңесшісі жоқ.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың да штаттағы екі кеңесші бар (штаттан тыс кеңесшісі жоқ).

Сол сияқты Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтың да штаттағы екі кеңесшісі бар. Бір кеңесшісі Жобалық басқару мәселелеріне жетешілік етеді және Ахуалдық-талдау орталығының жұмысын ұйымдастырады. Екінші кеңесші аймақтың ауылшаруашылығы бағыттылығына байланысты агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік етеді.

«Штаттағы кеңесшілердің лаузаымдық жалақысы 320 мың теңгені құрайды. Кеңесшілерге қойылатын біліктілік талаптар бекітілген. Жұмысқа қабылдау кезінде жоғары білімі және нақты лауазымының функционалдық бағыттарына сәйкес салалардағы жұмыс тәжірибесі ескеріледі», – деп жауап берді.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтің де штаттық кестеге сәйкес екі кеңесшісі бар екен. Олардың жалақысы еңбек өтіліне сәйкес 305232 теңгеден 350615 теңгеге дейін белгіленген.

Кеңесші ретінде мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және ҚР заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген ҚР азаматтары қабылданады.

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі деген штат бар, бірақ ол лауазым әзірге бос тұр. Алайда аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің штаттан тыс екі кеңесшісі бар. Д.Шерімқұлов - облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі. Сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының Түркістан облысындағы өкілі Е.Жанабаев облыс әкімінің инвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. Штаттан тыс кеңесшілерге жалақы төленбейді.

Қазақстанда жалғыз кеңесшісі бар әкім – Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов. Қостанай облысы әкімі аппаратының штатында облыс әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі бір кеңесшісі бар. Ал облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі жоқ.

Қалған облыс әкімдіктерінің баспасөз қызметі әлі редакция сауалына жауап берген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама