Тоқаевтың өңірлерге берген тапсырмасы Алматыда ғана орындалмады

Айгерім Таубай

Мемлекет басшысы наурызда әкімдіктерде мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру туралы тапсырма берді

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы жолдауында облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдері аппаратында мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру туралы тапсырма берді. Содан кейін бірқатар өңірде әкім орынбасарының штаты қысқартылды. Бір өңірде бос тұрған орын қысқарса, енді бір облыста әкім орынбасары басқа қызметке ауыстырылды. Мегаполис пен облыс әкімдігіндегі өзгерістер туралы Halyq Uni материалынан оқыңыз.

МЕГАПОЛИС ӘКІМДІГІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов республика бойынша орынбасары ең көп әкім ретінде де белгілі. Алайда президент тапсырмасынан кейін оның екі орынбасары қысқарды. Олар: Ермек Қизатов және Берік Жәкенов. Осылайша елордадағы мәселелерді шешуге Көлгіновке төрт орынбасары көмектеседі.

Елорда әкімдігінде Ермек Қизатов энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа, ал Берік Жәкенов әлеуметтік салаға жауапты болған. Енді олардың міндеті штаты сақталған әкім орынбасарларына бөлінді.

Шымкент қаласы әкімдігінде қысқартулар болды. Мегаполисті басқарып отырған Мұрат Әйтеновтің бір орынбасарының орны қысқарды, қазір оның төрт орынбасары бар.

Қысқартылған әкім орынбасарының штаты бос тұрғандықтан, бос лауазым орны қысқартылып, басқа лауазым ретінде өзгертілді, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Ал Алматы қаласы әкімінің аппараты қала басшысы Ерболат Досаевтың қазір бес орынбасары бар екенін айтты. Қазірге дейін әкім орынбасарын қысқарту бойынша шаралар қабылданбаған.

Қала әкімдігі алдымен президент тапсырмасын орындау бойынша НҚА-ға тиісті өзгертулер енгізілуі қажет екенін айтады.

НҚА-ға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін қала әкімінің орынбасарлары арасындағы құрылым мен тәлімгерлік мәселесі заңнамамен белгіленген мерзімде қайта қаралады, - деп жауап берді Алматы әкімдігі Halyq Uni жолдаған ресми сауалға.

Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың бес орынбасары бар. Олар: Асқар Әмрин, Арман Қырықбаев, Мұхит Әзірбаев, Әсем Нүсіпова және Әлішер Әбдіқадыров.

БОС ТҰРҒАН ОРЫН ҚЫСҚАРТЫЛДЫ

Жамбыл облысында бұған дейін әкімнің бес орынбасары болған. Президент тапсырамасынан кейін бір штат қысқартылды. Әкімдіктің хабарлауынша, қысқартылған штат бұған дейін бос тұрған. Ал оның міндеті облыс әкімінің қалған орынбасарлары арасында бөлінді.

Осылайша қазір Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрт орынбасары бар. Олар: Талғат Мамаев, Нұржан Календаров, Рүстем Дәулет және Еркін Үйсімбаев.

Сондай-ақ 2021 жылы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің штат саны 15%-ға қысқартылғаны хабарланды, алайда нақты қанша адам жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат жоқ.

Қызылорда облысында да президент тапсырмасынан кейін бос тұрған орын қысқартылған. Қазір өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың да төрт орынбасары қалды. Оның бірі облыс әкімінің орынбасары қызметімен қатар Қазақстан президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қоса атқарады.

Мемлекеттік қызметшілерге төленетін еңбекақы көлемі Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Бос тұрған штат орны қысқарғандықтан, басқа облыс әкімі орынбасарларының жалақысы өспейді, - деп мәлімдеді Қызылорда облысы әкімдігі.

Сондай-ақ облыс әкімі аппаратында 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша әкімдікте 8 штат қысқарған.

ҮШ ОРЫНБАСАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қостанай облысы әкімдігінде де өзгеріс болды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың үш орынбасары қалды. Бұған дейін облыста көлік инфрақұрылымы, құрылыс, сәулет, табиғи ресурстар бағытына басшылық еткен Виктор Ионенко қызметінен босатылды. Тағы бір бос тұрған штат қысқартылды. Екі орынбасарға жүктелуі қажет міндеттің бәрі әкімнің қалған үш орынбасарына бөлінді.

Ақмола облысында да әкімнің екі орынбасарының орны қысқарды. Қазір Ермек Маржықпаевтың үш орынбасары қалды.

«Қанат Ыдырысов атқарған және облыс әкімінің орынбасарының бос лауазымдары қысқартылды. Қысқартылған орынбасарлар міндеттері облыс әкімінің үш орынбасары арасында бөлінді», - деп хабарлады әкімдік.

Алайда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өспеген.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ ШТАТ БОС ТҰРҒАН

Ақтөбе облысы әкімдігінде әкім орынбасарының екі орны бос тұрған. Президент тапсырмасынан кейін бос тұрған екі штат қысқартылды, қазір аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің үш орынбасары қалды.

«Қысқартылған мемлекеттік саяси қызметшілердің функционалдық міндеттері облыс әкімінің тиісті өкімімен ресімделіп, облыс әкімінің қалған үш орынбасары арасында бөлінді», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігі.

Ал әкім орынбасарының жалақысы қызметкердің жұмыс өтіліне қарай төленеді. Ал қысқартылған қызметкердің функционалдық міндеттерін орындағаны үшін қосымша ақы қарастырылмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар облысы, Маңғыстау облысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіндегі қысқартулар туралы хабарланды.