Алматыда құлдықта болған Өзбекстанның 10 азаматы құтқарылды

Еркеғали Болатұлы

Паспорты мен жеке заттары қайтарылып, Алматы-Ташкент бағыты бойынша үйлеріне жөнелтілді

фото: ашық дереккөз

Қазақстанда күшпен ұсталған Өзбекстанның 10 азаматы еліне қайтарылды, деп хабарлады Өзбекстан СІМ баспасөз қызметі.

Көрші елдің Алматыдағы бас консулдығына 3 адам хабарласып, өздерін жергілікті тұрғындар қорқытып, жеке заттары мен ұялы телефондарын тартып алып, жеке үйде ұстағанын айтқан.

Бас консулдық қызметкерлері Алматы қаласы құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге Өзбекстан азаматтары орналасқан жерге барды. Содан кейін олар Бостандық ауданының полиция басқармасына жеткізілді, - делінген хабарламада.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 389-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осылайша Өзбекстанның 10 азаматы қонақүйге орналастырылып, паспорты мен жеке заттары қайтарылып, Алматы-Ташкент бағыты бойынша үйлеріне жөнелтілді. Барлығы Өзбекстанға аман-есен жетіп алған.