Бүгінде 35 қылмыстық іс қозғалды
Жыл басынан бері құны 4 млрд теңге болатын 20 мың тонна мұнай өнімдерін шетелге заңсыз сату деректері анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін мұнай өнімдерін шетелге экспорттаудың ұйымдастырылған схемаларының жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері 4 млрд теңгеге жалпы көлемі 20 мың тонна мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша 35 қылмыстық іс қозғады. Анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жанар-жағармайдың шығу көздері мен оның айналымына қатысы бар адамдар анықталып жатыр, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ өңірлерде шекара қызметі және мемлекеттік кіріс органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылып, бірлескен жұмыс жоспарларына қол қойылған.