×

Air Astana-ға Fly Arystan рейсін кешіктіргені үшін айыппұл салынды

Бұған қоса әуе компаниясы қонақ үйде орналастыру қызметтерін дұрыс деңгейде көрсетпеген

 Динара Амантай 29.07.2022 | 11:06
Фото: smi24.kz

Жолаушылар құқығын бұзғаны үшін бірқатар авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның Авиация әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп көптеген рейстердің кешігуіне және жолаушылардан түскен шағымдарға байланысты тексеруді жалғастырып жатыр.

Тергеу барысында биыл 5 маусымда «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуетасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағыты бойынша КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені анықталды. Осы рейстің жолаушыларына ұшуды күту кезінде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үйде орналастыру қызметтері дұрыс деңгейде көрсетілмеген, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты 28 шілдеде авиакомпанияға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оған сәйкес авиакомпанияға 1000 АЕК (3 000 063 теңге) көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Эйр Астана» компаниялар тобы ағымдағы жылдың 7 және 21 шілдесінде рейсті кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1000 АЕК (3 000 063 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы биыл «Эйр Астана» компаниялар тобы рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазір рейстің кешігуіне және жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама