Ұлытау әкімдігі өңірдегі бензин тапшылығын түсіндірді
Қазір екі қала мен бір ауданда жанармай талонмен сатылып жатыр

Ұлытау облысы әкімдігі бірнеше қаладағы жанармай тапшылығын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазір Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы жанармай құю стансаларында жанармай талонмен және шектеулі мөлшерде сатылып жатыр.
Бұл іркілістің себебі – жанар-жағармайдың Қандыағаш стансасынан уақытылы жеткізілмеуі. 28 шілдеде Жезқазғанға 16 цистерна сұйық отын жеткізілді. Жанармай құю станцияларында сатылым ойдағыдай жүріп жатыр, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ жанармай жеткізу мәселесі Ұлытау облысы әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған.
Айта кетері, бұған дейін Жезқазған мен Сәтбаев қаласының тұрғындары төрт күннен бері бензин таппай сабылып жүргені айтылды. 25 шілде қалада дизель отыны мен газ сатылған. 27 шілдеден бері АИ-92 бензині талонмен сатылып жатыр.