Halyq Uni логотип
×

Шоттардан 294 млн теңге ұрлаған «Қазпошта» қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты

Ұрланған қаражат қолма-қол ақшаны шешіп алу үшін басқа шоттарға аударылып отырған

 Қанат Атаманов 28.07.2022 | 21:00
Шоттардан 294 млн теңге ұрлаған «Қазпошта» қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты
Фото: inform.kz

Елорданың аудандық соты «Қазпошта» АҚ қызметкерлерін 294 млн теңге ұрлағаны үшін соттады, деп хабарлайды №2 Алматы аудандық сотының баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметтері бойынша, «Қазпоштаның» төрт қызметкері пандемия кезінде белгісіз тұлғалармен бірге алдын ала сөз байласты. Олар азаматтарға екінші деңгейлі банктерде есепшот ашуды ұсынған. Содан кейін олардың  банк карталарын 10 000 теңгеден 100 000 теңгеге сыйақыға сатып алып, барлық деректерді анықталмаған хакерлерге берген.

Ал өз кезегінде хакерлер компанияның интернет-ресурсында 14 аккаунтты тіркейді. Олар ресейлік IP-мекен-жайлардан қызметтерді пайдаланушылар ретінде төлем жүйесіне кіру үшін пайдаланылады. Хакерлер төлем операцияларын жүргізіп, «Қазпошта» шотындағы қаражаттарды алдын ала дайындалған төлем карталар мен ұялы компания операторларының абоненттік нөмірлеріне аударып отырған.

Ұрланған қаражат қолма-қол ақшаны шешіп алу үшін басқа шоттарға аударылып отырған. Сондай-ақ, зиянкестер «Қазпоштаның» ақшасын криптовалютаны сатып алуға жұмсап, кейін оны белгісіз тұлғалардың әмияндары арқылы шығарған.

Елорданың №2 Алматы аудандық соты компанияның бұрынғы төрт қызметкерін алты жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы сотталғандарға тиесілі автокөліктерді қамауға алу бойынша шешімнің күшін жойды. Себебі, тергеу барысында бұл көліктердің ұрланған қаражатқа сатып алынғаны дәлелденбеген.

Үкім заңды күшіне енді.

Біз бұған дейін «Қазпошта» АҚ-ы тұтынушылар базасын сатуға қатысты мәлімдеме жасағаны туралы жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама