Түркістан облысы әкімдігінде жаппай қысқарту: 15 шенеуніктің қызметі жойылды
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің 4 орынбасары қызметін жалғастырып жатыр
Түркістан облысы әкімдігінде 15 штат қысқартылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі Halyq Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оның ішінде облыс әкімі орынбасарының бір штаты қысқартылған. Қазір Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің 4 орынбасары қызметін жалғастырып жатыр.
Президент берген тапсырмадан соң әкім орынбасарларының бір штаты қысқартылды. Түркістан облысы әкімдігінде штат бойынша 4 әкім орынбасары бар, - делінген әкімдік берген ресми жауапта.
Қысқартылған әкім орынбасары лауазымы бұған дейін бос тұрған. Оның міндеті өңір басшысының басқа орынбасарларына жүктелген.
«Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы Үкімет қаулысына сәйкес төленеді. Сәйкесінше әкім орынбасары штаты қысқаруына байланысты қалған әкім орынбасарларының жалақысы өспеген», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ «Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің штат санының лимитін оңтайландырудың кейбір мәселесі туралы» президент жарлығына сәйкес, облыс әкімі аппаратында 15 штат қысқартылды. Алайда қай лауазым бойынша қысқартулар жүргізілгені хабарланбады.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында облыс әкімдігі аппаратында мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру туралы тапсырма берді.
Содан дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратында әкімнің 2 орынбасарының лауазымы қысқарғаны хабарланды. Қысқартылған қызметкерлер – Ермек Қизатов және Берік Жәкенов. Бірі энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа, енді бірі әлеуметтік салаға жауап берген. Қазір Алтай Көлгіновтің төрт орынбасары бар.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтің екі орынбасарының лауазымы қысқартылды, алайда бір адам қызметінен босатылды. Қысқарған облыс әкімі орынбасарының аты-жөні – Тілепберген Каюпов. Екінші лауазым бос болған.